01 / 05
Бұл айдар не үшін құрылды?
Бұл айдарды құру идеясы кездейсоқ туындаған жоқ.
Көптеген жылдар бойы біздің Орталық стационарлық,
өңірлік және республикалық үйлестірушілерге дейінгі
барлық деңгейдегі мамандардың өзара іс-қимылын үйлестіре
отырып, донорлық пен трансплантаттаудың ұлттық жүйесінің
жұмысын ұйымдастыруға тікелей қатысып келеді.
Біз бұл жұмысты іштен көреміз және әрбір ықтимал донордың
және ақыр соңында басқа адам үшін өмір сүрудің жалғыз
мүмкіндігіне айналатын әрбір ағзаның артында қаншалықты
күш-жігер, уақыт, жоғары жауапкершілік пен адамгершілік
жанашырлық тұрғанын білеміз.
Сонымен қатар қоғамда, пациенттер мен реципиенттер арасында
трансплантацияның өзі және ағзаны ауыстырып салудың
хирургиялық жағы туралы көп айтылады, ал донорлық ағзаның
стационардан операциялық бөлмеге дейінгі күрделі жолын
қамтамасыз ететін адамдар туралы әлдеқайда аз біледі.
02 / 05
Неліктен біз осы адамдар туралы айтамыз?
Кейде тіпті реципиенттің өзі оған екінші өмір сыйлаған
ағзаның артында қанша маман және қаншама көзге көрінбейтін
еңбек тұрғанын білмейді.
Дәл осы себепті біз осы айдарды ашып отырмыз. Біздің
мақсатымыз — бір мамандықты екіншісіне қарсы қою немесе
трансплантолог-хирургтердің орасан зор еңбегін төмендету емес,
керісінше трансплантаттауды үйлестіру жүйесін оның барлық
қырларымен толық көрсету.
Көлеңкеде жұмыс істейтін, бірақ ықтимал донорды, оның отбасын,
медициналық ұйымды, трансплантаттау бригадасын және
трансплантацияны күтіп отырған пациентті байланыстыратын
аса маңызды буын болып табылатын адамдарды көрсету.
«Әрбір донорлық ағзаның артында тек медициналық технология
ғана тұрған жоқ. Оның артында адамдар тұр.
Енді сол адамдар туралы айтатын уақыт келді».
03 / 05
Көрінбейтін майдан жауынгерлері
Бүгінде мыңдаған адам трансплантация мүмкіндігін күтіп отыр.
Біреулер үшін бұл күту бірнеше айға созылса, енді біреулер
үшін — жылдарға созылады. Осындай әрбір оқиғаның артында
пациент пен оның отбасының үміті тұр.
Алайда бұл үміттің бір күні шындыққа айналуы үшін күн сайын
қанша адамның еңбек ететінін бәрі бірдей біле бермейді.
Бұл — трансплантаттаушы үйлестірушілер.
Олардың еңбегі көбіне көзге көрінбейді. Олар сахнаға
шықпайды, әрбір құтқарылған өмірден кейін қошеметке
бөленбейді. Алайда ықтимал донорды анықтаудан бастап,
донорлық ағзаларды алуды ұйымдастыруға және оларды
трансплантаттау үшін беруге дейінгі аса күрделі процестің
дәл ортасында солар тұрады.
Сондықтан мен оларды «көрінбейтін майдан жауынгерлері»
деп атадым.
04 / 05
Үйлестірудің үш деңгейі
Қазақстандағы трансплантаттауды үйлестіру жүйесінде әртүрлі
деңгейдегі мамандар — стационарлық, өңірлік және
республикалық үйлестірушілер жұмыс істейді. Әрқайсысының
өз міндеттері бар, алайда мақсаттары бір — адам өмірін
сақтап қалу мүмкіндігін қамтамасыз ету.
Стационарлық үйлестіруші
Медициналық ұйымдағы ықтимал донорды алғаш анықтайды,
дәрігерлермен өзара іс-қимыл жасайды, қажетті
іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады және процесті
стационар деңгейінде сүйемелдейді.
Өңірлік үйлестіруші
Бұл жұмысты облыс немесе қала деңгейінде біріктіреді,
медициналық ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды
қамтамасыз етеді және процестің кейінгі кезеңдерін
үйлестіреді.
Республикалық үйлестіруші
Үйлестіру жұмыстарын ұлттық деңгейде жүзеге асырады:
өңірлер арасындағы өзара іс-қимылды ұйымдастырады,
белгіленген қағидаларға сәйкес донорлық ағзалардың
уақтылы бөлінуін қамтамасыз етеді және әрбір ағзаның
өз реципиентін табуына мүмкіндік беретін жағдай жасайды.
05 / 05
Әрбір ағзаның артында адам тұр
Бұл — немқұрайлылық танытуға жол жоқ, ал қателік жасауға
іс жүзінде мүмкіндік берілмейтін жұмыс. Мұнда кәсібилік,
сабырлылық, жауапкершілік, адамдармен тіл табыса білу және
ең бастысы — әрбір шешімнің қаншалықты маңызды екенін
түсіну қажет.
Әсіресе ықтимал донордың отбасымен сөйлесу сәті аса күрделі.
Жақындары ауыр қазаға ұшыраған кезде үйлестіруші дұрыс сөз
тауып, құрмет пен сезімталдық танытып, болып жатқан
жағдайдың мәнін түсіндіріп, отбасына шешім қабылдауға
көмектесуі керек. Бұл жай ғана кәсіби міндет емес.
Бұл — зор адами жауапкершілік.
Отбасының донорлыққа келісім беруі — ең қиын әрі сонымен
бірге ең ізгі қадамдардың бірі. Бұл шешімнің артында
қайғы-қасірет тұр, сонымен қатар басқа адамдарға өмір
сыйлау мүмкіндігі бар.
Трансплантация операциялық бөлмеге дейін әлдеқайда бұрын
басталады. Ол ықтимал донорды анықтаудан, процесті дұрыс
ұйымдастырудан, отбасымен әңгімелесуден, келісімнен және
қажетті сәтте өз міндетін орындауға тиіс әрбір маманның
жауапкершілігінен басталады.
Ал содан кейін уақытпен жарыс басталады. Ағзаларды бір
ауруханадан екіншісіне жай ғана «тасымалдауға» болмайды.
Дәрігерлердің әртүрлі бейіндегі мамандары, үйлестірушілер,
зертханалар, көлік қызметтері және көптеген басқа мамандар
қатысатын тұтас іс-қимылдар тізбегін қамтамасыз ету қажет.
Бұл жүйенің барлығы дәл, жылдам әрі үйлесімді жұмыс істеуі тиіс.
«Реципиент ағзаны алады. Хирург оны ауыстырып салады.
Алайда бұл операцияға апаратын жол әлдеқайда ерте —
көрінбейтін майдан жауынгерлерінің жұмысынан басталады».