KZ

Өткен аптаның соңында, өмірі үшін бес күндік күрестен кейін белгілі режиссер және продюсер Ави Нешердің автомобиль апатында зардап шеккен 17-жасар ұлы Ари Нешер қайтыс болды. Аридің отбасы оның ағзаларын мұқтаж науқастарға ауыстырып салу үшін беруге шешім қабылдады, соның арқасында бес ауыр сырқаттанған израильдік құтқарылды.

«Шиба» ауруханасынан профессор Яков Лавидің жетекшілігімен өткен ұзақ отадан кейін қайтыс болған жігіттің жүрегі ауыр жағдайда болған, отасын бір аптадан кейін ғана күткен Эдуард Литвиновқа сәтті салынғаны хабарланды. Науқастың отбасы мейірімділігі мен жомарттығы жақындарының өмірін құтқарған Аридің ата-анасына алғысын білдірді. Нешер отбасына «Шнайдер» ауруханасында Аридің бүйрегі ауыстырып салынған, диализ шарасынан екі жыл тәуелді болған Хаттаб Рафиктің ата-анасы да шексіз алғысын жолдады.      

Оның өкпесі «Бейлинсон» ауруханасының 50-жасар пациентіне өмір сүру мүмкіндігін сыйлады, бауыры «Ихилов» ауруханасындағы 36-жасар ер адамға, ал екінші бүйрегі – «Рамбам» ауруханасындағы 10-жасар ұл балаға отырғызып салынды. Жақын уақытта көздің мүйізгек қабығы да ауыстырып отырғызылады.       

«Ешбір бала 17 жасында көз жұмбауы тиіс, деп жазды Аридің отбасының мүшелері ynet сайты жариялаған ұлдарына арнаған қоштасу хатында. – Біздің Ари жай ғана әдемі бала болған жоқ, ол дарынды, қызыққұмар, тапқыр және бақытты бала болды. Ол әрқашан мұқтаждарға көмек көрсетуге тырысқан. Өткен жылы ол МАДА (Жедел жәрдем – «Маген Давид Адом») ұйымында ерікті түрде жұмыс істеуге жазылды. Жастайынан Ари айналасындағыларда өмір сүру, қуану және өмір атты ғажайыпқа қатысу ынтасын оятқан».

Баланың жақындары: «Біздің Ари ауыр автомобиль апатында жарақаттанып, біздің өміріміз күйреді» деп жазып, оның ағзаларын басқалардың өмірін құтқару үшін беретіндерін қосты. Өмірінің соңғы сағаттарын Ари отбасының және достарының арасында өткізді, олар жігіттің 17-ші туған күнін атап өтуге келді. Келесі күні ол қайтыс болды.   

МАДА жедел жәрдем қызметі Аридің отбасының қайғысына ортақтастық білдіріп, оның волонтерлік жұмысы жайлы айтты және кезекшілік кезінде түсірілген оның фотосуретін жариялады.     

Ари Нешер мініп келе жатқан велосипедті жоғарғы лига футболшысы Ицхак Асефа қағып кетті. Жүргізуші көмек көрсету үшін тоқтамай кетумен қатар, оқиға орнынан жасырынып, көлігін жасырмақ болған. Полиция оқиғаға тергеу жүргізуде, жүргізушінің мас күйде болуы туралы күдік бар.  

30 қыркүйекте Ари Удим мошавының зиратында жерленді. Оны жерлеуге мыңдаған адам, оның әкісі мен анасы бірге жұмыс істейтін көптеген мәдениет қайраткерлері келді. Жерлеу рәсіміне жедел жәрдем мотоциклдерінен тұратын қарауыл ілесіп жүрді.

Ұлттық трансплантология орталығы Аридің ата-анасына алғыс білдірді: «Адам өмірінен асқан құндылық жоқ, және адам жанын құтқару – барлығынан жоғары. Нешер отбасы осыған сенеді және өмірлерінің ең ауыр кездерінде қабылдаған осындай шешімдері үшін біз оларға алғыс айтамыз".

2023. Барлық құқықтар қорғалған

© ABC DESIGN-да жасалған - Астанада сайттар жасау және қолдау