1992 жылғы 4 маусымда Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет бекітілді, елдігіміздің нышаны саналатын мемлекеттік рәміздерге биыл 30 жыл толады.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы – ортасында шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік туының авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Егеменді Қазақстанның Елтаңбасының авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес. 2018 жылы елтаңбада «Қазақстан» жазуы латын графикасымен QAZAQSTAN деп берілетін болды.

Бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған Қазақстанның гимні Президент Н. Назарбаевтың бастамасы бойынша 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Әннің авторы Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Барша қазақстандықтарды Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен шын жүректен құттықтаймыз! Тәуелсіз мемлекетіміздің көк байрағының мәртебесі одан әрі арта берсін! Елтаңбамыздың еңсесі биік, Әнұранымыз әлемдік табыстарымызды ұлықтап, шырқала берсін!

Information for donors