2020 жылғы 7 шілдедегі № 360-VI ҚРЗ «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексінен негізгі ережелер және үзінділер

1-бап. Осы Кодексте пайдаланылатын негізгі ұғымдар

100) донор - донорлық қанды, оның компоненттерін, өзге де донорлық материалды (оның ішінде шәует, аналық жасушалар, репродуктивтік ағзалардың, жыныс жасушаларының, эмбриондардың тіндері) алу, сондай-ақ реципиентке трансплантаттау үшін ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу жүргізілетін адам, адамның мәйіті, жануар;

101) донорлық ұйым - трансплантаттау мақсатында мәйіттерден ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу және консервациялау жүзеге асырылатын денсаулық сақтау ұйымы;

222) реципиент - донорлық қан немесе одан бөлінген компоненттер және (немесе) препараттар құю, еркектің немесе әйелдің донорлық материалын (шәует, аналық жасушалар, эмбриондар) енгізу не донордан алынған ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін), сондай-ақ жасанды ағзаларды (ағзалардың бөлігін) трансплантаттау жүргізілетін пациент;

259) трансплантаттау - ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу;

292) ықтимал реципиент - тіндерді (тіннің бөлігін) және (немесе) ағзаларды (ағзаның бөлігін) трансплантаттауға мұқтаж пациент.

209-бап. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау және оларды алу шарттары

1. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау донордан реципиентке жүргізіледі және мынадай кезеңдерден тұрады: ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, сақтау, тасымалдау және ауыстырып салу.

2. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу, консервациялау, сақтау, тасымалдау және ауыстырып салу медициналық қызмет бейініне сәйкес ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау қызметтерін көрсету жөніндегі медициналық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болған кезде мемлекеттік медициналық ұйымдарда жүзеге асырылады.

3. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) адамға (ықтимал реципиентке) одан әрі трансплантаттау мақсатында алу тірі адамнан (тірі кезіндегі донордан) немесе қайтыс болған адамнан (қайтыс болғаннан кейінгі донордан) жүргізіледі.

4. Ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантациялаған кезде:

1) адамнан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) мәжбүрлеп алуға;

2) адамды өзінің ағзасын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) беруге мәжбүрлеуге;

3) адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерін (тінінің бөлігін) сатып алуға-сатуға;

4) кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адам болып табылатын тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және (немесе) тiндерiн (тінінің бөлігін) алуға;

5) қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға трансплантаттау үшін алуға;

6) денсаулығының жай-күйі, жасы немесе өзге де себептер бойынша өзінің жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған және қайтыс болуын растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдардан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) алуға тыйым салынады.

5. Инфекция жұқтырған тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) реципиентке трансплантаттау үшін алуға тыйым салынады. Донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттауға рұқсат етілетін инфекциялық аурулардың тізбесін уәкілетті орган бекітеді.

6. Ағзаларды (ағзаның бөлiгін) және (немесе) тiндердi (тіннің бөлігін) трансплантаттауды қамтамасыз ету үшін:

1) ағзалардың (ағза бөлiгінің) және (немесе) тiндердің (тін бөлігінің) ықтимал реципиенттерінің;

2) ағзалар (ағзаның бөлiгі) және (немесе) тiндер (тіннің бөлігі) реципиенттерінің;

3) ағзалар (ағзаның бөлiгі) және (немесе) тiндер (тіннің бөлігі) донорларының;

4) ағзалардың (ағза бөлiгінің) және (немесе) тiндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркелімі қалыптастырылады.

7. Тіркелімді қалыптастыру және жүргізу тәртібін уәкілетті орган айқындайды.

8. Ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркелімінде Қазақстан Республикасы азаматының қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттау мақсатында алуға келісімі немесе одан бас тартуы туралы ерік білдіруін тіркеу медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тікелей жүгінген кезде немесе "электрондық үкіметтің" веб-порталында жүргізілуі мүмкін. Ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) қайтыс болғаннан кейін донорлығына құқығын білдірген азаматтардың тіркеліміне уәкілетті орган айқындаған тәртіппен Трансплантаттау жөніндегі үйлестіру орталығының уәкілетті адамдарының ғана қол жеткізуі мүмкін болады.

213-бап. Ағзалар (ағзаның бөлігі) және (немесе) тіндер (тіннің бөлігі) доноры мен реципиентінің құқықтары

1. Донор:

1) денсаулық сақтау ұйымдарынан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу бойынша алдағы араласуға байланысты өзінің денсаулығы үшін ықтимал асқынулар туралы толық ақпаратты талап етуге;

2) ағзалар (ағзаның бөлігі) және (немесе) тіндер (тіннің бөлігі) донорларының тіркеліміне енгізу үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық зерттеп-қараудан өтуге;

3) ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу бойынша жүргізілген араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымдарында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға;

4) трансплантаттауға байланысты хирургиялық араласу басталғанға дейін бас тартуға құқылы.

2. Реципиент:

1) денсаулық сақтау ұйымынан ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) трансплантаттау бойынша алдағы араласуға байланысты өзінің денсаулығы үшін ықтимал асқыну туралы толық ақпаратты талап етуге;

2) ағзалардың (ағза бөлігінің) және (немесе) тіндердің (тін бөлігінің) ықтимал реципиенттерінің тіркеліміне енгізу үшін тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық зерттеп-қараудан өтуге;

3) донорлық ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) алу және ауыстырып салу бойынша жүргізілген араласуға байланысты денсаулық сақтау ұйымында тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде ем алуға, оның ішінде дәрі-дәрмек емін алуға;

4) трансплантаттауға байланысты хирургиялық араласу басталғанға дейін бас тартуға құқылы.

3. Денсаулық сақтау ұйымдарының медицина және өзге де қызметкерлеріне донор және (немесе) реципиент туралы мәліметтерді жария етуге тыйым салынады.

Донорларға арналған ақпарат