Хьюстон Методистік госпиталінің және Андерсон атындағы онкологиялық орталықтың дәрігерлері трансплантологияда революция жасады. Донордан бас сүйегі мен бас терісінің бөлігін ауыстырып салу қант диабетіне және обырдың сирек кездесетін түрі – бірыңғай салалы бұлшық еттер ісігі лейомисаркомаға шалдыққан 55 жасар Джим Бойсенге қажет болды. Жарық сәулесімен емдеу нәтижесінде оның басында жазылмайтын ауқымды жара пайда болды.
BBC хабарлағандай, Джим Бойсенге сол донордың бүйрегі және ұйқы безі ауыстырып салынған 15 сағатқа созылған күрделі ота сәтті өтті. Пациент ауруханада екі апта өткізіп, қалпына келу үшін шипажайға жіберілді. «Енді менің басымдағы шаш 21 жасымдағы кезден де көп», деп қалжыңдайды Джим Бойсен.
Бірнеше ай бұрын италиялық нейрохирург Серджо Канаверо таяудағы екі жылда басты транспланттау бойынша ота жасау ниетін мәлімдегенін еске салған жөн. Мұндай отаға алғашқы үміткер – 30 жасар Владимир тұрғыны, бағдарламашы Валерий Спиридонов болды.