Қазақстанда ағза донорлығына мұқтаж адамдар саны көбейіп барады. Қазір науқастардың дені қажет адам ағзасын шет елдерден сатып алуға мәжбүр. Сарапшылар жағдайдың күрделенуіне қолданыстағы жаңа кодекс кедергі болып отырғанын айтады.

Жуырда Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният журналистердің сұрағына жауап беріп, мәйіт доноры болуға дайын екенін айтты. Ол өзін 2012 жылдан бастап Қазақстанда трансплантологияның дамуымен айналысқан министрлік мамандарының бірі екендігін айтады. Министр бұл бағытта ведомство тарапынан ауқымды түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқандығын атаған. Осыдан соң қоғамда мәйіт донорлығы мәселесі қайта талқылана бастады.

МӘЙІТ ДОНОРЛЫҒЫ МҮШКІЛ ЖАҒДАЙДА

Соңғы мәлімет бойынша, Қазақстанда 4 мыңнан астам науқас ағза трансплантациясына мұқтаж.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының басқарма төрағасы Болат Жәмішевтің пікіріне сүйенсек, Қазақстанда мәйіт донорлығы мүшкіл жағдайда тұр.

Біз АҚШ-тан 304 науқасқа көздің қасаң қабығын жеткізу туралы келісімге қол қойдық және 93 операция жасалды. Ал бұл жоба мәжбүрліктен туып отыр. Заңды өзгерту арқылы ғана бұл мәселе шешіліп, барлық мұқтаж жандар АҚШ-қа жүгінбей-ақ осы қабықты алуға болатын еді, - дейді Жәмішев баспасөз жиынында.

«АДАМ АҒЗАСЫН САУДАЛАУ – БОС ӘҢГІМЕ»

Танымал трансплантолог, хирург Жақсылық Досқалиев те донорлыққа мұқтаждар саны күннен күнге артып бара жатыр деген пікірде. Хирург Қазақстанда трансплантологияның дамуының тежелу себебін трансплантолгтар Ғани Құттымұратов пен Абылай Донбайға қатысты қозғалған қылмыстық іспен байланыстырады.

«Бұл – қабылданған екінші кодекс. Бұрынғы кодексте адам тірі кезінде келісім беретінін немесе қарсы екенін рәсімдемесе, қайтыс болғаннан кейін дәрігерлер оның ағзалары мен тіндерін транспланттау мақсатында ала алатын. Халықаралық деңгейдегі дамыған елдерде «келісім презумпциясы» бекітілген. Бірақ 2018 жылы екі трансплантолог істі болып, үлкен шу шықты. Сол кезде жаңа кодексте адам тірі кезінде донор болуға ерік білдірмесе жұбайы мен жақын туыстарының бірі ағзасын алуға өзінің келіспейтіні туралы жазбаша мәлімдеуге құқылы деп өзгертілді. Марқұмның туыстары көбінде рұқсат беруден бас тартып жатады. Сондықтан мәйіттен алынатын ағза саны азайып кетті, ал мұқтаждар саны көбейіп барады», - деді Жақсылық Досқалиев Halyq Uni тілшісіне берген сұқбатында.

Дәрігер Жақсылық Досқалиев ағза трансплантациясына қатысты бұрынғы жүйеге қайта оралу қажет деп санайды. Әрі Қазақстанда трансплантолог мамандар мен қажетті техникалық жабдықтар да жеткілікті. Ал адам ағзасын саудалауға қатысты күмән орынсыз деген пікірде. Заңнамаға қашан өзгеріс енетіні белгісіз.

Материалға сілтеме:https://halyq-uni.kz/aleumet/30702-olar-da-omir-surgisi-keledi-kazakstanda-m-iit-donorlygy-mushkil-kh-lde/

Донорларға арналған ақпарат