2024 жылдың 7 қаңтарында еліміздің донорлық ұйымдардың бірінде республикалық, облыстық, стационарлық трансплантология бойынша үйлестірушілердің, трансплантологтар, трансфузиологтар, аурухана дәрігерлерінің (анестезиолог-реаниматологтар, невропатологтар, хирургтер, патологоанатомдардың) бірлескен іс-әрекетінің нәтижесінде мәйіттік донор анықталды.

Нәтижесінде Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жүрек, Астана қаласындағы Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықта бүйрек пен бауырға трансплантациялық ота өткізілді, Төтенше жағдайлар жөніндегі ұлттық үйлестіру орталығының көмегімен екінші бүйрек Алматы қаласына жеткізіліп, онда А. Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында трансплантациялық ота өткізілді. Барлық ағзаларды ауыстыру отасы сәтті өтті, науқастардың жағдайы тұрақты, қазір дәрігерлердің бақылауында.

Соңғы 3 аптада бұл кезекте тұрған 11 отандасымызға өмір сүруге мүмкіндік берген үшінші донорлық процесс.

ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық донорлардың туыстарына ағза трансплантациясын қажет еткен отандастарымыздың өмірін сақтап қалуға келісім бергені үшін алғысын білдіреді.

Трансплантация – ағзаның ауыр ауруларымен ауыратын көптеген науқастарға өмірге мүмкіндік берудің жалғыз жолы. Атап айтқанда, мәйіттік донорлық ағза донорлығының басты бағыттарының бірі болып табылады. Мәйттік донорлықтың дамуы тек дәрігерлерге ғана емес, қоғамның мәселенің маңыздылығын дұрыс түсінуіне және ағза донорлығын тікелей қолдауына байланысты.

Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы Қазақстан Республикасында ағзалық донорлықтың тиімді ұлттық жүйесін құру және трансплантология ғылымын дамытудағы өз ісін жалғастыруда.

ҚР ДСМ ТЖТМҚҮРО

Баспасөз қызметі

Донорларға арналған ақпарат