Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен Айдар Ситқазинов 2024 жылдың 5 қаңтарынан бастап ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры болып тағайындалды. Бүгін ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығында жиналыс болып, онда министрліктің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры Азамат Дүйсенов ұжымға жаңа басшы - Айдар Ситқазиновты таныстырып өтті. Айдар Ситқазиновтың медицина және денсаулық сақтауды басқару саласында үлкен тәжірибесі бар. Төрт жоғары білімді меңгерген. Семей мемлекеттік медицина институтында, Павлодар мемлекеттік университетінде, Инновациялық Еуразия университетінде және Семей мемлекеттік медицина университетінде білім алған. Ол медицина докторы, қаржы бакалавры, бизнесті басқару магистрі MBA, денсаулық сақтау магистрі. Еңбек жолын 1996 жылы уролог-дәрігер болып бастап ол емдеу мекемелерінде түрлі қызметтерді атқарған. Сұлтанов атындағы облыстық клиникалық ауруханада жұмыс істеді. Шарбақты орталық аудандық ауруханасында бас дәрігер, Павлодар облыстық ауруханасында бас дәрігердің орынбасары болды. Сондай-ақ Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасында және Павлодар облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының филиалында негізгі қызметтерді атқарған. 2019 жылы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласының филиалының директоры болып тағайындалды. 2020 жылдың 6 тамызынан бастап денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары, 2020 жылдың 28 қыркүйегінен бастап Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы қызметін атқарды. ТЖТМҚҮРО Баспасөз қызметі
Донорларға арналған ақпарат