2021 жылғы 25 қарашада Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының алқа отырысы өтті, онда 2021 жылғы 10 айдағы жұмыс қорытындылары қаралды.

Аталған отырыста онлайн режимде ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталықтың директоры Әділ Жұмағалиев «Ағзалық донорлықтың даму жағдайы және Қазақстан Республикасының халқына трансплантациялық көмек көрсету» тақырыбында баяндама жасады.

Әділ Мұратбекұлы өз баяндамасында ағзалық донорлықты, оның ішінде өңірлік деңгейде дамыту бойынша қабылданған шаралар туралы ақпарат берді:

  1. Денсаулық сақтау басқармалары бірінші басшыларының орынбасарларына ағзалық донорлықты дамыту бойынша шаралар қабылдау үшін дербес жауапкершілік жүктелді.
  2. Өңірдің донорлық ұйымдарының тізбесі бекітілді.
  3. Донорлық ұйымдарда бас миының өлімін растау бойынша тұрақты жұмыс істейтін консилиумдар құрылды, олардың құрамына кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар мамандар енгізілді.
  4. Ақпараттық-түсіндіру жұмысы бойынша медиа-жоспарлар бекітілді.
  5. Барлық МСАК ұйымдарында транспланттау мақсатында ағзалардың қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына азаматтардың тірі кезінде ерік білдіруін тіркеу бойынша жауапты адамдар тағайындалды.

Сонымен қатар, донорлық ағзалардың тапшылығы мәселесін шешу мақсатында облыстық денсаулық сақтау ұйымдарының басшыларына келесі ұсынымдар берілді:

 - діни конфессиялардың ресми қолдауымен, қоғамдық санада ағзалық донорлыққа жағымды көзқарасты қалыптастыруға бағытталған ағзалық донорлықты насихаттауды күшейту және трансплантология саласындағы қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер туралы ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізу қажеттілігі;

- донорлық процесті регламенттейтін нормативтік-құқықтық актілердің талаптарын қатаң сақтау;

- ДҰ мамандарын (реаниматологтарды, неврологтарды, нейрохирургтарды, сәулелік және функционалдық диагностика мамандарын) бас миының біржола семуін растау және донор ағзаларының протекциясы бойынша біліктілікті арттыру циклдерінде үздіксіз оқыту;

- «Мидың біржола семуін растау қағидаларын және мидың біржола семуі кезінде ағзалардың функцияларын демеу жөніндегі жасанды шараларды тоқтату қағидаларын бекіту туралы» ҚР Денсаулық сақтау министрінің м. а. 27.10.2020 ж. № 156 бұйрығының талаптарына сәйкес донорлық ұйымдарды мидың өлімін растау үшін қажетті медициналық жабдықпен қамтамасыз ету.

- тіркелімнен ағзалардың ықтимал реципиенттерін уақтылы иммунологиялық тексеруді ұйымдастыру (HLA типтеуге - алғашқы рет күту парағына енгізілген пациенттерді және антиденелерге - әр 3 айда 1 рет бүйректің ықтимал реципиенттерін);

- өңірдегі ағзалық донорлықты дамыту мәселелерін ДСБ алқасында тұрақты негізде қарау.

Трансплантологияның жетістіктері ағзалар тапшылығы проблемасын шешуге бағытталған ағзалық донорлықтың даму деңгейімен тығыз байланысты.

Бүгінгі күні ел бойынша ықтимал реципиенттер тіркелімінде ағзаларды трансплантациялауға мұқтаж 3346 пациент бар, оның ішінде 339 - Қарағанды облысының тұрғындары. Өңірде 2 донорлық ұйым жұмыс істейді.

Донорларға арналған ақпарат