Сіз Көктал-1 шағын ауданына келе аласыз ба?
- Әрине.
- Орынжан апа кездесуге келісті, ол бізді сағат үште күтеді. Өкінішке орай, Александр келе алмайды - ол коронавируспен ауырып, қазір карантинде, үйден ешқайда шықпайды. Бұл – елорда бойынша транспланттаушы үйлестіруші Сәуле Шайсұлтановамен екі ай бұрын болған сұхбат. Келесі күні біз оны өзі жұмыс істейтін Ұлттық кардиохирургия орталығынан алып, Орынжан Құсайынқызы Қасеноваға бірге барамыз. Біраз уақыттан кейін Мен осы оқиғаның тағы бір кейіпкері Александр Жилкоға қоңырау шаламын. Бұл оқиға 2014 жылдың 1 ақпанында басталған…
***
- Орынжан апа, бұл мен! - есік қоңырауының шертуі естіледі. – Сәуле! Келгенің жақсы болды!
- Масканы шешуге болады ма?
- Болады, маған екпе жасалған.
- Екпе алдыңыз ба? Орынжан апа, міне, бұл Оксана, журналист, Мен сізге ол туралы айтқан едім.
- Жақсы, жақсы. Оксана, өзіңізге жайлы жерге отырыңыз. Мен қайда отырамын? Диванға?
- Сәуле, маған қандай дәрі қабылдау керектігін айтып жіберші – қан қысымым шаршатты. Дәрі көмектеспейді - міне, менде дәріханадағыдай барлығы толып тұр, - дейді, тумбасын ашып.
- Дәрігерлерге Сізді тексерсін деп айту керек.
- Өтінемін, сөйлесіп берші, - Фотограф екеумізге қарап, сіздер ұялмаңыздар, үйде менен басқа ешкім жоқ - мен қазір жалғызбын. Ұлым ем қабылдауда, әйтпесе біз онымен бірге тұрамыз. Ал қайтыс болған ұлым, ол жақсы, ақылды, ұқыпты, барлық адамдарға құрметпен қарайтын еді…
Орынжан Қасенова, әрине, біздің не үшін келгенімізді біледі. Ол қайтыс болған туысы – ұлының ағзаларын алуға келісімге қол қойып қана қоймай, бұл туралы ашық айтатын санаулы адамдардың бірі. Оның ұлының есімі Асқар еді. Пәтер иесі кейінірек маған көрсеткен грамоталарда оның толық атын оқимын: Асқар Серікұлы Мұсалдин. Ол қайтыс болған кезде небәрі 42 жаста еді.
- Асқар менімен бірге тұрды. Мен сол кезде ауруханада шаруашылық бикесі болып жұмыс істедім (бір жыл бұрын коронавирус басталған кезде қысқартылдым), таңертең сегіз жарымда ауысымнан оралдым. 2014 жылдың 1 ақпаны болатын. Аяз - минус 34 градус. Мен ас үйге бардым. Шәйнек қойдым. Телефон шырылдады - Ұлым жұмыс істеген компанияның директоры екен. «Сіз Асқардың анасысыз ба? Асқар ауруханада». Мен сенбей: «Ол жұмыста» дедім. «Ауруханаға түсті. Оған операция жасалуда». Жыладым. Жыладым. Қалай киінгенім, ауруханаға қалай жеткенім есімде жоқ. Осылай болды...
Содан кейін, әдетте, есептерде айтылатындай, полиция болған оқиғаның суретін қалпына келтірді. Таңғы сағат сегізде Асқар жұмысқа шықты. Ол жақын маңайдағы компанияда жұмысшы болды және жұмысына әдетте жаяу баратын еді.
- Біздің үйден алыс емес жерде мектеп орналасқан, оның жанында Асқар тайып, құлаған кезде ол басын жиекке тигізген. Сол күні ол қандай да бір себептермен ескі етігін киіп, жаңасын үйде қалдырды. Міне, қалай болғанын көріңіз. Адамдар оны мас деп ойлады. Содан кейін мектептен күзетші шығып, жедел жәрдем шақырды (ұлым көшеде ұзақ жатпады). Аскардың телефоны қалтасынан жерге құлапты. Күзетші оны көтеріп, нөмірлердің бірін тереді - ол ұлым жұмыс істеген компанияның директорына түседі. Ол маған қоңырау шалды. Содан кейін сараптама, тергеу. Бізге: бұл жазатайым оқиға болды деп айтты. Алғашында сенбедім. Мен мүмкін біреу ұрған шығар деп ойладым..
- Бірақ ол жүретін жолдың бойында камералар орнатылған. Жазбаларда оның өзі құлағаны, жанында ешкім болмағаны көрініп тұр, - деп қосты Сәуле Талғатқызы. - Бұл мидың ашық жарақаты болды. Операция жасалды, бірақ Асқарға көмектесе алмады. Дәрігерлер мидың өлімін растады. Міне, осылай болды... Біз қабылдау бөлмесінде төрт сағат отырдық. Мен, ұлым, қызым, полиция көп болды.
- Сәуле Талғатқызы сізге келген кез есіңізде ме?
- Есімде. Мен дәлізде отырмын. Басым бірде жұмыс істейді, бірде істемейді. Асқарға операция жасағандықтан, ол әлі тірі шығар деп ойладым. Қайдан тірі! Сәуле Талғатқызы келді. Барлығын түсіндірді. Кіші қызым: «Апа, Асқар ешқашан үйленбеген, балалары жоқ. Осындай игі іспен із қалдырсын. Адамдарға көмектейік» деді.
***
- Адам неліктен мұндай кәсіпті таңдайды? – Сәуле Шайсұлтановамен кездесер алдында осы сұрақ жайлы ойландым.
- Мүмкін, атқарылмаған карма болар, - деп күледі ол. - Жақында ғана менің көзіме осы тақырыптағы мақала түсті. Қаласаң да, қаламасаң да, ойналасың. Жақын адамынан айрылған туыстарына біз, трансплант-үйлестірушілер келеміз. Олармен сөйлесеміз. Біз дұрыс сөздерді таңдауға тырысамыз.
- Дұрыс сөздерді қалай таңдауға болады? Бұл өте ауыр ғой…
- Алғашқы жылдар өте қиын болды. Моральдық тұрғыдан. Адамда мидың өлімі расталады, бірақ ол құрылғылардан ажыратылмайды. Және жақын адамдары ол дем алса, әлі өлген жоқ деп ойлайды. Іс жүзінде ол емес, машина тыныс алады. Бірақ оны бәрі бірдей біле бермейді. Туыстары онсыз да қиналған сәтте, оның үстіне мен келемін. Осы кезде өзіңнен аттап басу қажет. Мамандықта он жылдан артық жұмыс істейтіндіктен, қазір мен бұл толқуды жеңе аламын, бірақ алғашқыда өзімді нашар сезіндім. Осы тақырыпта сөйлескен алғашқы әйел есімде. Оның ері инсульт алды. Ол донор бола алатын еді. Оған жақындап: «Қайғыңызға көңіл айтамын. Сіз бас тартуға немесе келісуге құқығыңыз бар, бірақ мені тыңдаңыз» дедім. Донорлық туралы, күйеуі біреудің өмірін құтқара алатындығы туралы айттым. Ол келісімін берді. Содан кейін (және мұндай әңгімелерден кейін әрдайым) маған өте қиын болды. Сіз адамның қайғысын көресіз, оны өзіңізден өткізесіз, бей-жай қала алмайсыз...
- Жалпы, бұл өте қиын, - деп жалғастырды ол. - Бірақ мен өз ісімді тастай алмаймын. Трансплантацияны қажет ететін адамдарды аяймын, және менен басқа ешкім олар үшін донорлық ағзаны іздемейтіндей көрініп тұрады, ал олай болса, мен міндеттімін. Менің жұмысым көрінбесе де, донорлық ағза пайда болған адамды ешкім есіне алмаса да. Бұл маңызды сәт – ол болмаса, операция жасалмайды.
- Өзіңізге: Сәуле, бұл стресс, саған бұл не үшін керек деген сұрақ қоймайсыз ба?
- Сұраймын. Кейде ойлаймын: болар енді, бәрін тастаймын, кетемін! Маған емханаға барып, қабылдауда тыныш отыруға кім кедергі жасайды? Бірақ адамдарды да, нәтижелерді де аяймын. Елімізде трансплантологияның дамуы үшін көп күш жұмсалды. Ал қазір, ауыр жағдайда бұрылып, кетіп қалайын ба? Жоқ, Мен олай істей алмаймын! Мен бәрі бекер емес екенін көремін, көптеген проблемалар болса да – адамдар әлі де трансплантологияға бет бұрады, олар бұл туралы естіген, көмектесуге дайын. Тек түсіндіру керек, дұрыс сөздерді таңдау, жақындарын жоғалтқан адамдардың сезімдері туралы ұмытпау керек.
Мен: қайтыс болған туысқаннан ағзаларды алуға келісім беретін адамның орташа портретін жасауға болады ма деп сұраймын? «Мұндай портрет жоқ», - деген жауапты естимін. Бұл әртүрлі адамдар болуы мүмкін, және олардың донорлық туралы хабарының бар-жоғы шешуші болады.
- Егер адам бұл туралы ешқашан естімеген болса, оның ойында көптеген жорамалдар, түсінбеушілік, қорқыныш болады. Ол "жоқ" деп жауап беруі әбден мүмкін, және бұл да оның құқығы, - дейді Сәуле Талғатқызы. - Трансплант-үйлестіруші талап етпеуі тиіс, осы сәтте ол жай ғана шетке кетеді. Білесіз бе, мен бұрыннан байқадым: адамның келісім беруі не бермеуі оның білім деңгейіне, жасына, дініне немесе ұлтына байланысты емес. Бұл сыртқы факторлардан емес, адамнан, оның ішкі дүниесіне байланысты.
- Әдетте қалай жауап береді?
- «Қалай келді, солай қайтсын». «Мен барлығын түсінемін, бірақ, қаламаймын». Жиі ештеңе айтпайды, үзілді-кесілді бас тартады. Мен оларды көндіруге құқылы емеспін. Алғашқы жылдары қазақтар келісім бермейді деген стереотип болған. Кейін Орынжан апа кездесті.
***
Орынжан апа «Сіз керемет жансыз» деген сөздерді көп рет естіді.
- Барлығы маған «рақмет» дейді. Менің көршім болды, баба Лена, біз тату тұрдық, ол үнемі: «Неткен ақжүрексің. Қалай келістің? Құтшарушысың» деп қайталап отыратын. Асқар қайтыс болған кезде барлық көршілер қатты уайымдады. Жақсы бала еді…
- Орынжан апа, менің Сізді Сашамен таныстырғаным есіңізде ме? – деп сұрайды Сәуле Талғатқызы.
- Есімде! Есімде! Білесіз бе, мен оны көрдім де, дәл Асқар деп ойладым! Сондай ұқсайды! Күлгені де. Көздері бірдей. Дене бітімі де. Тірі Асқардай. Мен оған қараған кезде жүрегім ауырады. Біз оны қонаққа шақырдық - менің бүкіл отбасым жиналды. Және бәрі:"Саша қалай Асқарға ұқсайды" деді. Саша үнсіз, тек: "Рақмет, рақмет" деді.
- Әдетте пациенттер мен донорлардың туыстары бірден таныстырылмайды. Тек бірнеше жылдан кейін және, әрине, олардың өзара келісімімен. 2017 жылы біз науқастарды кардиохирургия орталығының 5-жылдығына шақырдық. Жалпы, мен оларды таныстыруды жоспарламадым. Бәрі өздігінен болды. Сашаға, Орынжан апаға жақындадым. Танысуға қалай қарайсыздар? Келісеміз! Олар қолдарынан ұстап, бір-бірінен алыстамады. Әріптестер менен сұрайды: "Сіздің науқас анасымен бірге қол ұстасып жүрді ме? Бұл кім?». «Бұл оның анасы емес, донор». «Біріне бірі қаншалықты ұқсайды!»
Фотосуретте: Орынжан Қасенова және Александр Жилко
***
Александр Жилко қазір 60 жаста. Операциядан кейін ол елордаға – емдеуші дәрігерлерге жақынырақ көшіп келді, бұған дейін ол Ақмола облысы Аршалы ауданы Арнасай совхозында тұрды. Қарапайым адам – экскаваторшы, жұмысшы. 2013 жылы екі жақты пневмониямен ауырып шықты. Ем қабылдады, бірақ ол жұмысын жалғастырды – жұмыстан шығып қаламын деп қорықты.
- Қазір бұл менің үлкен қателігім екенін түсінемін - ауруханаға бару керек еді, - дейді Александр. - Аурудан үш ай өткен соң, қатты ентіге бастадым. Астанаға пульмонологқа бардым: «Өкпеңіз таза, бұл жүрек проблемалары» деді. Сенбедім. Жүрегім ешқашан ауырмаған еді, қайдан болсын. Ол кезде мен жүрек алмастыру отасының бар екенін білмедім, тіпті Астанада Ұлттық кардиохирургия орталығы салынғанын да естіген емеспін.
Мұнда диагноз расталды және шұғыл хирургия қажет екенін түсіндірді - сол кезде жүрек 17 пайызға жұмыс істеді. Тек сел кезде Александр қорыққанын түсінді. Ол ентігіп тыныс алды, екі қадам жасап, демалатын, ұйықтаса тек отырып қана ұйықтайтын , жата алмады. Емделгенімен, бәрі нәтижесіз болды. Жағдайы ауырлаған кезде - қосымша оттегіге қосылды. Қолда бар тәсілдердің барлығын қолданылды.
- Ол кезде менде таңдау болмады: не осында қаламын, не мо дүниеге аттанамын, - деп ол сол сезімдерін еске алады. - Мен өзімді бәрі жақсы болады деп сендірдім. 10 күннен кейін менің емдеуші дәрігерім кіріп келді, жас, білгір, өте жақсы кардиолог: «Александр Степанович, біз донорлық жүректі таптық. Сіз трансплантациялауға келісесіз бе?». «Менде басқа амал жоқ». Мен тіпті қорқып үлгермедім - олар маған жүрек трансплантациясын жасады. Бұл 2014 жылдың ақпан айының басында болды. Бұл жүрек маған барлық жағынан сәйкес келетіні белгілі болды. Жолым болды. Бұл адам енді жоқ, бірақ мен оның орнына өмір сүрудемін.
- Бұл кімнің жүрегі екенін білгіңіз келді ме?
- Мен үнемі сұрастырып жүрдім, бірақ олар маған ештеңе айтпады. Менің оның туыстарын іздегенімді қаламаған болар. Содан кейін біз донордың анасы – Орынжан Құсайынқызымен таныстық.
- Сол кезде қандай сезімде болдыңыз?
- Бірінші кезекте ризашылық - менің оған деген сезімім жылы болды және жылы болып қала беруде. Мұны түсіндіру қиын ... Мен оны анамдай көремін. Сол күні мен Асқардың туған ағасы – Орынжан Құсайынқызының ұлымен таныстым. Білесіз бе, ол менің туғаным сияқты, соған ұқсас сезімде болдым, біздің қарым-қатынасымыз жақсы. Орынжан апада екі рет қонақта болдым. Маған Асқар екеуміз ұқсас екенімізді жиі айтады.
- Өзіңіз ұқсастық табасыз ба?
- Ұқсастық бар… Мен оның суретін көргенде аздап таңқалдым. Көзі, бәлкім, бетінің сопағы... Қалай болғанын көріңіз: ол тірі кезінде қамқор адам болған, қайтыс болғаннан кейін де басқаларға көмектесті. Қазір мен бәрін жасай аламын - үйде, бақшада жұмыс істеймін, бұрын менде мұндай мүмкіндік болмаған. Білесіз бе, мен Чернобыльда апаттан кейін болдым. Бұл, әрине, нәтижесіз өткен жоқ. Онда мен көп нәрсені көрдім. Бірақ мен жүрегімді күткен кез одан қорқынышты болды…
***
- Орынжан апа, сол кезде неге келісім бердіңіз?
- Асқар төрт адамды құтқарды. Бір бүйрегі кішкентай балаға ауыстырып қондырылды. Екіншісі - жас қызға, ол кезде оның жасы 19¬-да еді. Ол жетім. Диализде болды. Оған ешкім көмектесе алмады - туыстары, демек, донорлары жоқ. Мен бауыр трансплантациясы жасалғанын және Сашаға жүрек ауыстырып салынғанын білемін. Мен Сашаны көрген кезде Асқарым тірі сияқты көрінеді. Мен қазір Сізге «Медицинаны дамытуға қосқан үлесі үшін» медалімді көрсетейін».
Орынжан апа көрші бөлмеге шығып кетеді.
- Бұл біздің саладағы ең үлкен марапат болып саналады. Мен оған әлі жете алмадым, - деп күледі Сәуле Талғатқызы.
- Міне, бұл менің медалім. Грамота да берді, - деп күлімдейді Орынжан Құсайынқызы. – Бірақ менің басты абыройым – адамдардың өмірі. Кейбіреулер: «Мұны не үшін істедің?» деді. Мен мұндайды естісем де, көңіліме алмадым. Айта берсін. Мен әрқашан: «Адамдар, біріңді бірің құтқарыңдар!» деймін. Сонда құтқаруға болатын адамдар аман қалады. О дүниеде адам ағзаларын не қылады? Қорықпау керек...
Дереккөз: https://vlast.kz/transplantology/46520-a-vot-sasu-vizu-i-vrode-moj-askar-zivoj.html