Операциядан кейін тоғыз жыл өткен соң Жәнібек Оспанов пен Евгений Курцтың алғаш рет кездесуі туралы.
Операциядан кейін тоғыз жыл өткен соң қайтыс болғаннан кейінгі донордан Қазақстан тарихында алғаш рет жүрек және бүйрек трансплантациясы жасалынған адамдар - Жәнібек Успанов пен Евгений Курц кездесті. Олардың өмірі, тәжірибесі және таңғажайып сәйкестіктері.
Бұл әңгімеде бес кейіпкер бар. Оларды негізгі және екінші дәрежелі деп бөлу мүмкін емес. Кадрда басты кейіпкер жоқ, бірақ олар авансценада пайда болатын әр адамның өмірінің маңызды бөлігі.
Жәнібек Оспанов - 2012 жылдың 8 тамызында донорлық жүрек алмастырылған алғашқы қазақстандық.
Евгений Курц дәл сол күні, сол уақытта және Жәнібек сияқты алты сағат бойы операция үстелінде, бірақ көрші ауруханада жатты. Оған да трансплантация жасалынды, бірақ жүрек емес, бүйректі трансплантаттау.
Мунира Бекмағамбетова мен Галина Курц, Жәнібек пен Евгенийдің жұбайлары. "Қайғыда да, қуанышта да" деп осындай адамдар туралы айтылған.
Махаббат Бекбосынова, кардиолог, медицина ғылымдарының докторы, "Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы"КеАҚ Басқарма төрағасының міндетін атқарушы. Бұл ресми түрде. Адам ретінде: Жәнібектің екі туған күнін атап өтуіне себепкер дәрігерлер командасының бірі. Әкесінің операциясынан 19 күн өткен соң дүниеге келген Жәнібектің қызына Махаббат есімі қойылды.
Және, ақырында, Галина мен Игорь Воротниковтар. 46 жасында ауқымды инсульттан қайтыс болған әйел және Қазақстан тарихында бірінші болып қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім берген оның ұлы. Олар кадрда жоқ, бірақ олар осы адамдарды мәңгілікке байланыстырды.
Жәнібек пен оның жанұясымен бірге біз елордадағы Есіл жағалауын бойлай серуендейміз. Махаббат Бекбосыновамен Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығында сөйлестік. Мұның бәрі Евгений Курцпен басты кездесу қарсаңында. Жәнібек онымен 2012 жылдан бері, тоғыз жылға жуық көріспеді.
- Қарағандыда тұратынын білемін. Телефон нөмірін таба аламын. Өзім де онымен кездесуді қалаймын, - деп жауап берді Жәнібек, Евгений туралы сұраған кезімде.
Және ол тапты. Мен Қарағандымен хабарластым.
- Келіңіздер!
Біз бардық…
Қарағандыда
- Сәлем, Женя!
- Сәлем!
Қол алысып амандасу.
- Мен сені танымас едім. Ол кезде бетперде тағып жүрген едік және де операциядан кейін бетіміз ісініп тұрған.
- Жағдайың қалай, Жәнібек?
- Орынша…
- Отбасың қалай?
- Жақсы.
- Астанада тұрасың ба?
- Иә, операциядан кейін сонда қалдым.
Евгенийдің жұбайы Галина:
- Ағайындылар емессіңдер ме, бір-біріңді құшаққа алсаңдаршы.
Осылайша ыңғайсыздық жоғалды.
- Кіріңіздер, қолдарыңызды жуып, дастарқанға жайғасыңыздар. Кофе, шай ішіңіздер. Тауық қосылған бәлішті жылытайын…
- Мен ата атандым, - дейді Евгений.
- Ал мен әке болдым, - деп жауап береді Жәнібек. – Қызымнан кейін ұлым дүниеге келді, есімін Әлібек деп қойдық. Қазір жасы төртте (14 маусымда беске толды - V). Осы балам өмір есігін ашуы үшін тірі қалған шығармын, бәлкім.
- Біздің екі ұлымыз бар. Операция жасалған кезде оның үлкені 14-те, кішісі жетіде еді.-
- Операциядан кейін тағы ата-ана атануды қаламадыңыздар ма?
- Жоқ, біздің немесе тәрбиелегеніміз жөн. Екі ұл бала немереміз бар: біреуі бір жас сегіз айлық және екіншісі төрт айлық. Шынымды айтқанда, кейбіреулері таң қалады: құрдастарымыздың балалары әлі кішкентай (менің жасым 40-та, Галя – 42-де), ал біз ата-апа болып отырмыз.
- Менің жасыма келсек, менің де балаларым маған немере болуы тиіс. Қазір 47-демін.
- - Бір-біріңізді көп уақыт көрмедіңіздер. Қазір қандай сезімдесіздер? – . – деп сұраймын.
- Қалай айтсақ…
Екеуі бірдей иығын көтереді.
- Женя екеуміз туыспыз деуге болады.
2012 жылғы 8 тамыз
- Операциядан бір күн бұрын маған Астанадан Ғани Мұратұлы (Құттымұратов, Евгений Курцқа операция жасаған хирург-трансплантолог - V) қоңырау шалды - сол күн туралы бірінші болып Евгений айта бастайды. - Бүйрек бар, қан бойынша маған сәйкес келеді деді. «Ойлансам болады ма? Ертең жауап берсем қалай?». «Он минуттан кейін қайта қоңырау шаламын, жауабын беріңіз» деді. Мен емдеуші дәрігерге хабарластым. «Мұндай мүмкіндік миллионға бір жағдай» деді. Сол кезде мен гемодиализде болғаныма үш жыл. Бүйрегім 29 жасында істен шықты. Сол кезде трансплантация тек туыстардан және тек Алматыда жасалатын еді. Бірақ бұл қиын (зерттеп-қарауға бару, күту) және қымбат. Шетелде операция жасау ше? Ондағы баға асқақтап тұр. Мен қарызға батқым келмеді. Несие алсам, оның төлемін тіпті шөберемем де төлеуге тура келер еді.
- Мен ұлыммен форма сатып алу үшін дүкенге бардым, - мектепке дайындалып жатыр едік", - деп еске алады Галина. - Женя қоңырау шалып, бүйрек туралы айтты. "Жауабын беру керек". "Мүмкіндік бар, демек, бару керек. "Мүмкіндік ... Сен ұмытпа, мен операциялық үстелде қалуым мүмкін". Күмәнданды. Ешкім бізге кепілдік берген жоқ.
Мен үйге кіріп, спорттық сөмкені алып, ішіне барлқы қажет нәрсені тастадым. Жарты сағатта жиналдық. Көлікке отырып, Астанаға жол жүрдік. Бәрі де тез болды. Фойе кіре сала, Женяны бірден алып кетеді. Мен оны енді көрмеймін деп қорықтым …
- 7 тамыз күні кешке талдау үшін менен қан алды, - дейді Евгений тағы да. - Таңертең келіп, УДЗ-ға алып кетті. Содан кейін көк киген адамдар келіп, операцияға әкетті. Басында мен ештеңе білмедім. Содан кейін олар Галина екеуміз (донор болған Воротникова - V) бір ауруханада жатқанымызды айтты. Жәнібекке көрші ғимаратта, кардиохирургия орталығында ота жасады. Мен Робокоп сияқты дене бойым сымдарға толы болдым. Ауырсындым.
- Таныс сезім, - деп қосады Жәнібек. – Ояна салып: ту-дук-ту-дук-ту-дук-ту-дук. Қобалжып тұрғанымдай. Операцияға дейін ол минутына 45 рет соғатын, ал енді – 80 рет соғатын болды. Реанимациядағы үлкен терезеге келіп қарағандар үшін … Ту-ду-ду-ду-ду-ду-ду – 110—120 рет соғу. Ұзақ үйрендім, әрқашан сергек күйде болғандықтан, ұйқым бұзылды …
Қарағандыға барарда
- Сол кезде бұйырып тұрған болар, - деп бастайды Махаббат Бекбосынова. - Біз қандай сезімдерді бастан өткердік? Толқу мен жауапкершілік. Елестетіп көріңізші, егер бұл операция сәтсіз болса? Бұл туралы тіпті ойлауға болмайды …
Бірінші жүрек трансплантациясы, бір жағынан, емтихан, екінші жағынан, біз айтқандай, студенттік жағдай. Білесіз бе, бәрі таңқаларлық өз ретімен болды. Кейін біздің тәжірибемізде жеткілікті болған қауіпті сәттер болған жоқ. Жәнібек орталыққа өзінің ауруына байланысты түсті. Әдетте жүректі ауыстырып қондыруды немесе жасанды сол жақ қарыншаны орнату операциясын қажет ететін науқастар өте ауыр болады. Олардың бауыры үлкейген, олар ісініп, ентігуден зардап шегеді, іс жүзінде олар жартылай отырып өмір сүреді. Мұндай адамды операцияға дайындау үшін кем дегенде үш-төрт апта қажет.
Жәнібек бізге бірінші рет түскен еді, бірнеше күннен кейін донор бар анықталады. Барлық деректер біріктірілді: қан тобы мен резус факторы сәйкес келді. Жүректі салмақ бойынша, дұрысы жасына қарай, жынысы бойынша сәйкестікпен таңдауға тырысады. Статистика бар: егер ер адамның жүрегі әйелге ауыстырып қондырылса, ештеңе емес. Керісінше болса - қабылдамау ықтималдығы артады. Жәнібектің мұнда да жолы болды: оған әйелдің жүрегі ауыстырып қондырылып, ол әлі де жақсы жұмыс істеуде.
Біздің клиникаға биыл он жыл: біз алғашқы ашық жүрек операциясын 2011 жылдың 18 қазанында, ал жүрек трансплантациясын 2012 жылдың 8 тамызында жасадық. Сол кезде әлемде жүрек трансплантациясының тарихы жарты ғасырлық еді. Ия, біз бір жыл дайындалдық, бірақ адамзаттың жинаған білімін ескеріп, Еуропа мен Америкаға бардық, бізге басқа елдерден әріптестер келді. Дегенмен қатты толқыдық. Оның үстіне, біз туыстарымымен сөйлесеміз. Егер науқас оянбаса? Егер асқынулар пайда болса? Қалай айтамыз? Бұл дәрігер жұмысындағы ең қиын сәт. Жәнібектің жұбайы жақын арада босанатынын барлығымыз білдік.
- Есімі сіздің құрметіңізге қойылған қыз бала Махаббатты кім бірінші көрді: сіз бе, әлде Жәнібек пе?
- Шынымды айтсам, босануға барғаным есімде жоқ, бірақ, меніңше, Махаббатты алғаш көрген мен болдым ...
***
- Мен түсірілімге үйренгенмін, - дейді сол қыз бала Махаббат, біз жағалауда серуендеп жүргенімізде.
Оның жасы сегізде. Екінші сыныпты бітірді. Үлкен қыз. Мен оның анасы Мунираны 2012 жылғы 8 тамызды есіне алуды сұраймын.
- Неге екенін білмеймін, бірақ, бір ғажапқа сендім, - дейді ол. - Жәнібек дәл солай кете алмады! Ол ауруханада үнемі жатып, емделді. Бірақ бұл ұзаққа созылмайтыны түсінікті болды. Бірақ сол үміт қайдан келді? Білмеймін. Қазақстанда жүрек трансплантациясы жасалмады. Шетелге бару керек пе? Бұл біз туралы емес. Содан кейін ол қаншалықты өзімізге байланысты екенін түсіндім...Мен жалпы белгілерге сенемін. Мәселен, Ұлттық кардиохирургия орталығы Керей Жәнібек көшесінде тұр. Керей руынан шыққан Жәнібек Оспанов осында жүрек алмастырған алғашқы науқас болды. Кездейсоқтық па? Ол (біз ол кезде Қостанай облысында тұрдық): "Міне, жүректі ауыстырып қондыруға ұсыныс алдым " деп Астанадан қоңырау шалған кезде, мен дем ала алмай қалдым. Ішімдегі қызымның да қозғалмай қалғанын сездім. Мен не дей алдым? «Жарайды! Келісім бер!». Ал егер оянбай қалса? Егер басқа мүмкіндік болмаса? Операция жүріп жатқан алты сағат бойы... Есіме алған кезде әлі күнге бойым түршігеді. Шелпек пісіріп, аулаға шықтым. Көз жасын төгіп, көшеде шелпек таратып жүрген жүкті әйелді елестетіңізші. Маған бұл көмектесетіндей көрінді. Аз ғана несиеміз бар еді, сол кезде белгісіз себеппен оны тезірек жабу керек болып көрінді. Қарыздан құтылу керек болды. Сол кезде босанғанға дейінгі жәрдемақыны алып едім, бірден банкке бардым. Содан кейін мешітке жол тарттым. Мен ол кезде тек бір нәрсені тіледім: Жәнібек оянса екен деп сұрадым. Сонда Мен Аллаға көп уәде бердім, оларды бұзбауға тырысамын…
- Өткен жылы Жәнібек коронавируспен ауырып қалды – өте қорқынышты болды. Ол кезде жан-жақтан қайғылы хабарлар келіп жатты. Дені сау, мықты адамдар. Ол ауруды жеңіп шықты. Енді мен ештеңеден қорықпаймын. Бізге трансплантацияланған жүрекпен адамдар орта есеппен он жыл өмір сүреді деп айтылған еді. Операция күнінен бері тоғыз жыл өтті. 2012 жылы бұл көп уақыт сияқты көрінді, шын мәнінде олай емес екен. Сіз операцияны есіме жиі аламын ба деп сұрақ қойдыңыз. Күн сайын. Бірақ ковидтен кейін барлығы болуы мүмкін екенін түсіндім. Бастысы осы санға үңілмеу…
Қарағандыда
- Женяға қоңырау шалудан бұрын ауыстырып қондыруға мұқтаж тағы екі пациент ізделді: бірақ әйел адам үйінде болмады, ал ер адам тұтқаны көтермеді. Мен бұл тағдырдың жазғаны деп санаймын, - дейді Галина Курц.
- Менің алдымда да екі адам болған, - дейді Жәнібек.
- Шынымен ба?! Мен операцияның алдында түс көрдім. Жер үй, онда балгер тұрады деймін. Есігі жабулы, бірақ Женя екеуміз кезекте біріншіміз. Біздің артымызда жүкті әйел тұр, мен оның қиналғанын көріп, есік ашылған кезде: бізден бұрын өтіңіз деймін. Сонда кіреберісте дін қызметшісі көрініп, енді тауап ету өтіп жатыр екен. Оянып, бұл нені білдіреді екен деп ойландым. Бұл операциядан бір апта бұрын еді. Содан кейін бұның бата болғанын түсіндім…
- Менің де әйелім түс көрген еді...
- Апыр-ай!
- Біздің қандай да бір жасаған жақсылығымыз қайтқан сияқты. Сіз жүкті әйелдің ауыртпалығын жеңілдеттіңіз...
- Сіздің әйеліңіз қандай түс көрді? – деп сұрайды Галина.
- Мен ауруғанаға кетіп бара жатырмын, ал кеудемде дефибриллятордан қалған үлкен тыртық бар екен. Қайтып келсем – тыртық жоқ, ал менің денім сау. Міне, солай…
- Ғажап, - деп күрсінеді Галина, бізге ыстық шай ұсынып. - Бойымда әйел затына тән әлдененің пайда болуын, - деп күледі. - Маған да. - Бірақ ағзаның жынысы жоқ қой, бүйректің аты бүйрек. Мұндай сұрақты дәрігерлер қойған кезде ерекше қызық. Қарапайым адам болса жарайды … - Менен де дәрігерлер сұраған… - Операциядан кейін Женя сезімтал болғанын байқадым. Фильмді көріп отырып, көзіне жас алатын, - деп қосады Галина.
- Менде де солай болды. Өте нәзік бола бастайсың, - деп келіседі Жәнібек.
– Бірақ бұл дәрінің әсері. Содан ашуланшақ бола бастайсың, солай ма?
- Жоқ, Женя ашуланшақ болған жоқ.
- Ағзасы алынған адамның қандай да бір қасиеттері саған ауысады дегенді оқығанмын, - деп жалғастырады тақырыпты Евгений. – Мен бұрын окрошканы өте жақсы көретінмін. Қазір оған қарай алмаймын.
- Иә, тамақты талғауы айтарлықтай өзгерді, - деп келіседі жұбайы. – Біз Галина суретші болғанын білеміз. Мен Женядан: сурет салу қабілетің жақсарған жоқ па деп үнемі сұраймын.-
- Жоқ, тексергенім бар, ештеңе өзгерген жоқ, - деп күледі Жәнібек.
- Жәнібек, мен операциядан кейін нені қаладым, білесің бе? Сыра ішкім келді!
- Менің де. Бұрын оны мүлдем ішпейтінмін. Қазір аптасына бір алып тұрамын, әсіресе жаз кезінде.
- Операциядан кейін тоқаш, манты, түтік кеспе жегім келді, бұрын оларды жегім келмейтін. Бірінші жылдың ішінде отыз килограмға толдым. Кейін салмақ тастадым.
- Бұл «преднизолонның» (қабынуға қарсы препарат - V) әсері. Бұрын ет жемейтін адамдар етті іздей бастайды. Мұның логикалық түсініктемесі болуы тиіс. Мүмкін, дәрінің салдарынан дәрумендер жетіспейтін болар (транспланттаудан кейін адамдар иммунитетті басатын иммунодепрессанттарды өмір бойы қабылдайды - V).Мен Игорьдің шақыруымен Галинаның үйіне барған едім (Жәнібек пен Игорь осы жылдап бойы араласуда - V). Қазір, құдайға шүкір, жағдайы жақсарды. Үйленді, балалы болды. Осындай азаматтық жасаған адамның өмірі жақсармауы мүмкін емес еді. Қарындасы да оқуын бітіріп, жұмысқа тұрды.
- Құдайға шүкір. Біз қуанамыз! – дейді Евгенийдің жұбайы.
- Игорьмен операциядан екі аптадан кейін таныстық, - деп есіне алады ол. – Ол кезде кардиохирургия орталығында баспасөз конференциясы өткізілген еді. Жәнібек, екеуміз сол кезден бері көріспеген едік.
- Иә, иә… Неше рет кездесеміз деп, жол түспеді, - дейді әйелі.
- Операциядан кейін адасқандай күйде болдым: үлкен қалаға кездейсоқ келген ауыл адамымын, - Жәнібек өзі туралы тек шындықты айтады. – Анда апарады, мұнда апарады – басым жұмыс істемейді. Дәрі-дәрмектің салдарынан ес-түсімді жинай алмай жүрдім.
- Операция аяқталғаннан кейін біз Игорь қанша теріс сөз естігенін көрдік: «Анасын бөлшектеп, таратып берді!». Әлеуметтік желілерде бір әйел маған былай деп жазды: «Әрине, сізге жақсы, сіз үшін қуаныш», - дейді Галина. - "Құдай сізге мұндай сынақ бермесін" деп оны қорғады. Шынымды айтсам, өз басымызға келмесе, мен өзім де донорлыққа келісім бермейтін едім. Қазір мен бәріне басқаша қараймын. Балаларға: егер маған бірдеңе болса, бәрін беріңдер дедім. Мен әлі күнге дейін Игорьге өте ризамын. Сол кезде сезімдерге толы болдым, оған жан-жақты көмек көрсеткім келді! Бірақ ол бізбен көп араласпады, Жәнібекпен көп сөйлесті. Түсінемін. Елестетіп көріңізші, бұл сіздің анаңыздың жүрегі! Және оның соғуын есту – ерекше сезім. Тіпті мен үшін де.
Қарағандыға барардың алдында
- Бізге ықтимал донор бар деп айтты. 46 жастағы әйел геморрагиялық инсульттан қайтыс болды, мидың өлімі расталды, - дейді Махаббат Бекбосынова. - Ең жақын туыстары: 21 жасар өте жас ұлы Игорь және оның қарындасы Вероника, сол кезде ол небәрі 14 жаста еді. Игорь: «Мен трансплантация жасалатын адамды көргім келеді», - деді. Жәнібектен басқа, ауыстырып қондыруға тағы бір үміткер болды, екеуі де реанимацияда жатты. Игорь сол жерге барып (ол оларды көрді, олар оны көрмеді), біраз тұрып, ойланды және келісімге қол қойды.
Галина біздің орталыққа көршілес ауруханада болды. Бұл да керемет сәйкестік. Елестетіп көріңізші, егер бізге донор, айталық, Алматыда деп айтса. Ол кезде бізде ағзаны алып келу үшін қажетті "трансмедикс" аппараты болмаған (оны "тірі жүрек" деп те атайды және жүрек пен өкпені бір өңірден екінші өңірге тасымалдау үшін пайдаланады - V). Оған көлікпен де бару қажет болмады. Юрий Владимирович (Юрий Пя - сол кезде Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының басшысы, Қазақстанда жүрек алмастыру операциясын жасаған әйгілі хирург - V) командамен бірге ауруханаға жаяу барып, жүрекпен бірге оралды. Кейін біз бұл күнді есімізге алып, талдаған кезде, таң қалдық.
- Операциядан бірнеше күн өтіп, Жәнібек жүре бастаған соң, ол Игорьмен кездесті. Бұл сәт ... әлі де сөзбен жеткізе алмаймын. Бұл өте ауыр: Игорь анасынан айырылды және де кеудесінде анасының жүрегі соғып тұрған адаммен кездесті. Ұмытылмас минуттар.
Барлық ережелер бойынша бір жыл ішінде реципиент пен донордың туыстарын таныстыруға болмайды. Бірақ бұл ерекше жағдай болды. Ол туралы қоғамға айту өте маңызды. Донорлық деген не екенін көрсету. Игорь Астананың маңында тұрды. Ауылдастары артынан: «Анаңның жүрегін саттың!» деп айқайлайтын. Ешкім ештеңе төлемеді! Мұны есту қиын. Мен оған: "Көңіліңе алма. Сен қабылдаған шешім - мықты азаматтық әрекет және сенің жеке тұлға ретіндегі үздік мінездемең» дедім. Әдетте біз донордың туыстарын көрмейміз, бірақ біз оған өте жанашырмыз. Мұндай операциялар әрқашан біреудің қайғысымен байланысты және бұл туралы ұмытуға болмайды…
Біз жүрек трансплантациясынан кейін алғашқы пациенттерді біздің клиникаға жұмысқа алдық (және Жәнібек олардың қатарында - V). Олар жүрек трансплантациясын күткен адамдарды қолдады. Біз донорлық бағдарламасы өмір сүруге мүмкіндік беріп қана емес, адамның тағдырын өзгертетінін көрсеткіміз келді. Адамдар қоғамға оралады, жұмыс істейді, пайда тигізеді. Меніңше, Жәнібек бұл тұрғыда керемет үлгі. Балаларды тәрбиелеп-өсіруде, трансплант-ойындар ұйымдастырады, басқа адамдарды шабыттандырады.
Қарағандыда
- Мен енді гемодиализге байланбадым, - деп Евгений сол күндерді еске алады. - Диализ орталығының жұмыс кестесіне бағынған үш жылдан кейінгі еркіндік. Жиеніміз бізге жолдама сыйлады және 2017 жылы әйелім екеуміз Дубайға бардық. Бұрын мұндайды армандай алмаған едік…
- Мен операцияға дейін Алматыға да барып көрмегем. Содан кейін соңғы ақшам болса да, саяхаттау керек деген шешім қабылдадым. Менің бүкіл өмірім өзгерді. Женя, екеуміздің жолымыз болды…
Басын изейді.
- В- Не себепті мұндай сәттілік маған бұйырды деп өзіңізден сұрадыңыз ба? – – деп сұраймын мен.
- Мен ол жайлы ойланбауға тырыстым, - деп бірінші жауап береді Евгений.
– Не себепті ауырғанымды, диализге түскенімді, бүйрек маған қалай бұйырғанын қазбалап ойламауға тырыстым …
- Ал мен көп ойландым.
- Не себепті?
- Білмеймін. Өмірімде ешқашан ештеңе маған тегін келмеген. Өмір бойы қиналдым: 25 жасыма дейін ауылда тұрдым, үнемі жұмыс істедім – комбайншы, тракторшы болдым, байлық таппадым, айтарлықтай іс бітірмедім, денсаулығымды құрттым. Сондықтан операциядан кейін: «Неге мен?» деп көп ойландым. Бұл сый ма, әлде керісінше, жаза ма? Мен енді біреуге қарызбын сияқты көрінді. Әсіресе Игорьге. Оған берерім болмады. Мен, ересек адам, балаға қаржылай қолдау көрсете алмадым! Ол кезде Игорь қатты қиналды. Қарындасы жасөспірім еді, оны қатты уайымдады. Оны өсіру керек еді.
- Біз тіпті егер Игорьдің әпкесі Қарағандыға оқуға түссе, оны бізбен тұруға шақырамыз деп ойладық, - дейді Галина. – Алғысымызды осылайша білдіргіміз келді. Мұндайға бәрі бара бермейді.
- Әрине, бұл үлкен іс, - деп келіседі Жәнібек. - Игорь тек келісім берген жоқ, ол бірінші болды! Және, әрине, артынан осынша теріс пікір еститінін білген жоқ.
- Мен шіркеуге жиі бармаймын, мен өз жолыммен сенемін, бірақ мен ол жерде болғанда, Галинаның тыныштығына шам қоямын, - дейді Галина.
- Қазір кездессем, Игорьге алғыс айтар едім. Ол маған гемодиализсіз жеті жыл өмір сыйлады. Өткен жылы донорлық бүйректі қабылдамау басталғанымен (соңына дейін құтқаруға тырысты), барлық дәрігерлер мен онымен ұзақ уақыт жүрдім дейді. Туыстық трансплантация да үш-төрт жыл, тіпті одан да аз уақыт береді. Қазір тағы да диализде жүрмін. Мүгедектіктің бірінші тобын алдым.
- Диализдің артықшылығы-оған жиырма жыл бойы да баруға болады. Жүрегі ауыратындарда мұндай мүмкіндік жоқ, - дейді Жәнібек.
- Ия, сен оған байлаулысың, бірақ өмір сүресің! Мен осылай айқталатынына іштей дайындалдым. Олар бүйрек ең көп дегенде бес жыл жұмыс істейді деген, мен жеті жыл шыдадым. Өзімді күтім, ауырмауға тырыстым. Бірақ…
- Жақсы адамсың, осылай болғаны өкінішті…
- Амал жоқ. Диализдің болғаны жақсы. Операция үшін қанша төледің деп менен әлі де сұрайды – деп күлімсірейді Евгений. – Төлеген жоқпын. Бәрі тегін. Сенетіндерін, не сенбейтіндерін білмеймін.
- Бәрі бірдей сенбейді. Трансплантаттау тақырыбында көп негатив бар. Оны көтеріп, дамыту керек. Адамдар бұл туралы айтуға қорқады. Олар ауруханаға аппендицитпен түскен кезде, сені ешкім емдемей, ағзаларыңды кесіп алады деп ойлайды", - дейді Жәнібек. - Барлығы бір бағытта: мені бөлшектеп тастайды ойлайды. Бірақ қандай да бір себептермен ертең өзім ағзаға мұқтаж болсам, оны қайдан аламын деп ойланбайды. Одан ешкім қорғалмаған.
Мен осындай жағдайға тап болған адамдарға көмектескім келеді. Кем дегенде оларды бір сөзбен қолдау керек. Сондықтан мен "Өмір тынысы" қоғамдық бірлестігін құрдым, осындай пациенттерді қолдаймын, ауыстырып қондыру жасалған немесе диализде жүрген адамдар үшін трансплант-ойындар ұйымдастыра бастадым. Біз оларды тек екі рет өткізе алдық, бірақ жүзден астам қатысушы болды. Шетелге барып үлгердік – бізде өз чемпиондарымыз бар.
Бірнеше жыл бойы операцияны күту үстіндегі адам үшін трансплантация, әрине, бақыт – қарсы жағдайда, мен сізбен бір үстелге отырмас едім. Бірақ өмірің әрқашан қайтыс болған басқа адаммен байланысты екенін түсінесің – және бұл мұңайтпауы мүмкін емес. Менің анам 2010 жылы қайтыс болды, және бұл оқиғалардың барлығы 2012-да болды. Мен бұл баланы аяймын ... Оның анасы осындай ерте жаста қайтыс болды. Иә, бізде бәрі жақсы, біз үшін қуаныш, ал олар үшін - қайғы. Мен сондықтан қатты уайымдап, Игорьмен өзімді қалай ұстайтынымды білмедім. Мен бұл тақырыптан алыстағаным - оның еңбегі. Ол маған: «Көңіліңе алма», - деді. Мен түсінемін, әрі қарай өмір сүру керек. Әйтпесе, бұл әлемде не үшін қалдың?
- Біз әр күнімізге қуанып өмір сүреміз. Жәнібек, енді бір-бірімізді жоғалтпайтындай, телефон нөмірлерімізбен алмасайық.
- Жақсы!
- Енді үйімізді көрдіңіздер, келіп тұрыңыздар…
Дереккөз: https://vlast.kz/transplantology/45526-povezlo-nam-s-toboj-zen.html