KZ

Кейінгі екі жылда елімізде ағза ауыстыру бойынша жасалған операциялар 100-ге қысқарған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазір 3400-ден аса отандасымыздың күні донорға қарап тұр. Төтенше жағдайға қарамастан, жоспарлы 32 операция жасалды дейді мамандар. Бірақ науқастар көбейген сайын донор азаятыны қынжылтады. Жақынына ағзасын қиятын адамдар кемде-кем.

16 жастағы Индира Бақтиярованы анасы жалғыз тәрбиелеп отыр. Әлемге саяхат жасауды армандайтын бойжеткеннің жүзі солғын. Қос бүйрегі істен шығып, үміт алауы сөніп барады. Сонда да қиялын қағаз бетіне түсіріп, қылқаламды сөйлетуді ермек етеді. 

Индира Бақтиярова, бүйрек ауыстыруға мұқтаж:

– Хоббиім сурет салу, уақытым болған кезде әртүрлі кинолар қараймын. Жазылып кететініме сенемін. Көп ауырамын деп ойламаймын. Осы аурудың бәрін жеңіп шығамын деп ойлаймын.

Индира бүйрек ауруымен 8 жыл бойы күресіп келеді. 2017 жылдан бері гемодиализді үзбей пайдалануға мәжбүр. Бой жетіп қалған ол бақытты өмір сүрсем дейді. Бұл үшін бүйрек ауыстыруы қажет. Өкінішке қарай, анасының ағзасы балаға жарамайды. Иек артар өзге жақыны болмағасын, шетелден көмек іздеген.

Жанна Қамыспаева, И.Бақтиярованың анасы:

– Бізге үш жыл болғаннан кейін тез арада донор қажет болып тұр. Қазір бала шаршап тұр. Беларусь елінде сондай мүмкіндік бар. Егер сол жаққа кезекке тұрсақ, операция  жасалады деп біз келісіп келдік. Бірақ бізге қазір 60 мың еуро деген көп ақша, сондықтан халықтан көмек сұрап тұрмыз.

Қазір ел аумағында 3039 адам бүйрек жетіспеушілігінен зардап шегіп отыр. Оның 79-ы Индирамен тағдырлас. Әттеген-айы науқас көп, донор жоқ. Республикалық орталықтағылар мәйіттік донорларға екпін беріп отырғанын айтады.

Әділ Жұмағалиев, транспланттауды және медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының м.а:

– Ең көбі бүйрек ауыстыруға мұқтаж. Мәйіттік донор табылған кезде медициналық қарсы көрсеткіштер болмаса немесе туыстары қарсы болмаса, тірі кезінде «иә» деген ұстанымы тіркелген болса, біз органдардың түгелін алуға тырысамыз. Жүрек, бүйрек, бауыр және басқа.

Индирада бүйрек ауыстыру мүмкіндігі бар. Минсктегі мамандар қарсы емес, отандық дәрігерлер де жіті тексерістен кейін квота беріп, баланы шетелге жіберуге дайын болған. Бірақ ТЖ байланысты бас қаладағы ана мен бала орталығына жету мұң болып тұр. Десе де, карантин шектеулеріне қарамастан, трансплантациялық операциялар тоқтаған емес.

Әділ Жұмағалиев, транспланттауды және медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы директорының м.а:

– Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша Қазақстанда 32 трансплантация жасалды. 9- бауыр, 23-інде бүйрек ауыстырылды. Барлығында тірі донордың ағзалары қолданылды. Барлығы Қазақстан азаматы. Донорлар да, рецепиенттер де. Айта кететін болсақ, осы коронавирус инфекциясы таралғаннан бері осы операциялардың 40 пайызы істелді.

Елімізде 3500-ға жуық азамат бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе ауыстыруға зәру. 99 науқас бала бар. Тек біреуді «донор бол» деп мәжбүрлеу заңда жазылмаған. Бұл әркімнің азаматтық таңдауы. Бастысы, елімізде ағза ауыстыру операциясы жасалады. Мамандардың кәсіби біліктілігі де уақытпен сыналған.    

2023. Барлық құқықтар қорғалған

© ABC DESIGN-да жасалған - Астанада сайттар жасау және қолдау