KZ

Сенат депутаты Ақмарал Әлназарова Қазақстанның трансплантациялық қызметін сынға алды. Оның айтуынша, жылына 270-ке жуық қазақстандық донорлық ағзаны күтумен қайтыс болады, деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Әлназарова ағзаларды ауыстырып қондыру бойынша әлемде жыл сайын 115 мыңнан астам операция жасалатынын атап өтті. Бұл ретте ауыстырып қондырылған ағзалардың кемінде 50 пайызы қайтыс болғаннан кейінгі донорлардан алынған. Бұл пациенттердің өмірін ұзақ жылдарға ұзартуға мүмкіндік береді және жиі емдеудің жалғыз тәсілі болып табылады.

Қазақстандықтар бұрын шетелде жасатуға мәжбүр болған аса күрделі қымбат операциялар қазір елдің кез келген мұқтаж азаматына мемлекет есебінен қолжетімді. Қазақстан - өз азаматтарын трансплантацияланған ағза функциясын өмір бойы тегін қолдаумен қамтамасыз ететін санаулы елдердің бірі.

Алайда, оның айтуынша, елімізде трансплантологиялық қызметтің дамуы айтарлықтай тежеліп отыр.

"2012 жылдан бастап 2021 жылға дейін Қазақстанда ағзаларды ауыстырып қондыру бойынша екі мыңнан астам операция жасалды. Бұл ретте жағдайлардың 95 пайызында - туыстық донорлардан, бес пайызында-ағзалық донорлардан. Ағзаларды ауыстырып қондыруға мұқтаж адамдар санының өсуі аясында трансплантология бойынша операциялардың саны азайып келеді. Егер 2016 жылы жылына 300-ге дейін операция жүргізілсе, 2020-2021 жылдары - жыл сайын 100-ден сәл асады, бұл өте төмен көрсеткіш.

Бүгінде елімізде трансплантацияны бірыңғай күту парағында 3365 адам, оның ішінде 105 бала бар. Көбінесе бұл жас және еңбекке қабілетті жастағы адамдар. Жылына осы тізімнен шамамен 270 адам ағзасын күту үстінде қайтыс болады. Негізгі себеп – донорлық ағзалардың жетіспеушілігі", - дейді сенатор.

Оның айтуынша, қайтыс болғаннан кейінгі бір донор жеті адамның өмірін құтқара алады.

"Соңғы тоғыз жылда елімізде балаларға бар болғаны 118 бүйрек трансплантациясы жасалды. 102 кішкентай пациент донорлық ағзаны диализ терапиясында күтуде. Орта есеппен бір жылдан жеті-сегіз жылға дейін. Туа біткен ақаулары бар, бауыр трансплантациясын қажет ететін балалар көбінесе донорлық ағзаны күтумен қайтыс болады. Балалардағы донорлықтың нормативтік-құқықтық базасының жетілмегендігі ата-аналарды шетелдік клиникалардан көмек сұрауға мәжбүр етеді. (...) Операцияны күтіп отырған пациенттер шетелдік азаматтарға ағзаларды ауыстырып салуды рұқсат етілген елдерде жылдар бойы өмір сүруге мәжбүр. Бұл ретте тұру және операция бойынша шығыстар республикалық бюджеттен жабылады. Ал өткен жылдан бастап бұл елдер шетелдік пациенттерді қабылдауды тоқтатты", - деді депутат.

Елдегі мұндай жағдайдың себептерінің арасында Әлназарова қолданыстағы, әсіресе кәмелетке толмағандарға қатысты нормативтік-құқықтық базаның жетілмегендігін, донорлық стационарлардың материалдық-техникалық базасының төмендігін және оларды ынталандыру тетігінің жоқтығын, медицина қызметкерлерінің құқықтық қорғалмағандығын, донорлық ағзалар мен трансплантациялық бригадаларды өңірден орталыққа уақтылы және қауіпсіз жеткізудің техникалық күрделілігін атады.

"Бүгінде халықтың осы көмек түріне жоғары қажеттілігі кезінде, сондай-ақ қазіргі заманғы технологияларды меңгерген жоғары білікті мамандар болған кезде біз ағзалар донорлығының тиімді жүйесін құра алмайтын және адамдарды жоғалтуды жалғастыратын жағдай қалыптасты. Өкінішке орай, денсаулық сақтауды ұйымдастырушылардың, трансплант-үйлестірушілердің, биоэтиктердің ағзалық донорлық саласындағы ағарту және халықты хабардар ету жөніндегі жұмысының жеткіліксіз екенін мойындау керек", - деп атап өтті ол.

Премьер-министр Асқар Маминнің атына жолдаған сауалында депутат елімізде толыққанды трансплантологиялық қызмет қалыптастыру үшін қажетті жағдай жасауды сұрады.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін елімізде донорлық саласында келісім презумпциясы болған болатын. Дәрігерлер мидың өлімі расталған пациенттерден ағзаларды алуға құқылы болды. Алайда, Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы жаңа кодекске азаматтардың көптеген наразылықтарынан кейін қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзалар мен тіндерді алу тәртібін реттейтін түзетулер енгізілді. Енді ағзаларды алып қою жұбайының немесе зайыбының жазбаша келісімімен немесе жақын туыстарының келісімімен ғана жүзеге асырылуы мүмкін

 

Дереккөз https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/270-umirayut-ejegodno-kazahstane-ne-dojdavshis-organa-453017/

2023. Барлық құқықтар қорғалған

© ABC DESIGN-да жасалған - Астанада сайттар жасау және қолдау