Биыл елімізде 238 адам кезегін күтіп, донордың жоқтығынан қайтыс болған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қазақстанда ағзасын ауыстыруға мұқтаж жандар көбейгенімен, денесінің бір бөлшегін өзгеге қиятындар өте аз. Мамандар мәйіттік донор арқылы мәселені шешіп, талай адамның өмірін сақтап қалуға болатынын айтады. Бірақ жұрттың көбі бұған қарсылық танытады.

«Сондықтан трансплантациялық орталықтар салу мен маман дайындау донорлық тапшылықты түбегейлі шешпейді», – дейді мамандар. Яғни осы саланы заңдастыру қажет.

Қазақстандықтар үшін қан берумен әспеттелетін донорлықтың астары тереңде. Дерті дендеген 3000-нан аса отандасымыз ағза ауыстыруға мұқтаж. Өкінішке қарай, көпшілік қайтыс болған туысын пышаққа салудан қорқады. Өз еркімен өзгеге өмір сыйлай алатынын ойлайтындар да көп емес.

Әділ Жұмағалиев, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры:

– Донор болуға келісім берген 6,5 мың адамның 6 мыңы бас тартты. Олардың ішінде 80 ағза донорлыққа сай болатын. Өздеріңіз түсініп отырсыздар ғой. Бас тартқан марқұмдардың туыстары еді. Биыл күту парағында тұрған 240-қа жуық адам қайтыс болды. Трансплантациялық орталықтар салу, мамандар дайындау, тиісті жабдықтар алудан бөлек осы саланы заңдастыру қажет. Бірақ мәйіттік донорлықты заңмен бекіту бір күннің жұмысы емес. Мысалы, АҚШ-та бұл тәжірибе 30-40 жылда енген. Яғни жауапкершілігі ауыр.

Интернеттегі ағза сату бойынша өріп жүрген ақпарат та халықтың үрейін алғаны рас. Бірақ біздің елде мұндай жағдай тіркелген жоқ. Әділ Жұмағалиев Қазақстанда бұған жол бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын айтады. Оның үстіне қандай да бір органды алмастыру оңай шаруа емес. Ол үшін жоғары технологиялы медициналық жабдықтар қажет. Елімізде осындай 6 трансплантация орталығы бар.

Әділ Жұмағалиев, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық директоры:

– 30 жылда 1800 трансплантациялық операция жасалды. Әрбір бесінші ағза қайтыс болған донор кісіге тиесілі. Яғни донор болуға келісетіндердің дені – тірі адамдар. Ал әлемде жасалатын операциялардың 70%-інде марқұмдардың ағзасы қолданылады. Айырмашылықты көрдіңіз ғой. Шын мәнінде тірі адамның ағзасына иек арта беруге болмайды. Өйткені оған зардап тигізіп алмауымыз керек.

Осыдан екі жыл бұрын Нұржан Өтепбергеновтің денсаулығы күрт нашарлап кетті. Жат әдеттен ада спортпен шұғылданатын шымыр жігіт бауыр циррозына душар болған. Бас-аяғы 1,5 жыл қиналды. Дәрігерлер қайта-қайта ішіне қан қетіп, діңкесі құрыған науқасты аман алып қалуға барын салды.

Нұржан Өтепбергенов, қала тұрғыны:

– 3 тамыз күні маған операция жасау керек еді. Бірақ маған дәрігер келіп: «Қостанай қаласында донор пайда болды. Біздің дәрігерлер туысқандарымен сөйлесіп жатыр. Егер ол кісілер донор болуға рұқсат берсе, сіздің қаныңызды алып тексереміз. Егер сәйкес келсе, сізге бауыр ауыстыру операциясын жасаймыз», – деді. Болатын операцияны тоқтатып, біз күттік кешке дейін. Кешкілік хабар келді.

Тиісті сараптамадан кейін ол операцияға жатқызылды. Қазір қостанайлық азаматтың бауыры Нұржанға жаңа өмір сыйлады. Бірақ мұндай мысалдар жылдан-жылға сиреп келеді. Биыл 72 адамға ағза ауыстыру операциясы жасалды. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есе аз. Ал елордалық Жадыра Жолмұхамедова ағзасын сарп етуге дайын. Тақырыпты жіті зерттеген ол желідегі қаңқу сөзге ермей, азаматтық таңдау жасағанын айтады.

Жадыра Жолмұхамедова, қала тұрғыны:

– Түрлі пікір бар. Өйткені қоғам әлі дайын емес. Бірақ кезегін күтіп тұрған 3000 адамның тағдырын ойлағанда жаным ауырады. Олардың бәрі үмітін үзіп кетсе, қасірет қой. Біздің ағзамыз оларға сәйкес келіп жатса, қаншама өмірді сақтап қалуға үлес қосар едік. Мәйіттік донор болу біздің елде қалыпты жағдай емес. Дегенмен, жүрек, бауыр алмастыруға зәру адамдарды қайтеміз. Бір айтарым: желідегі жалған ақпаратқа сене бермейікші. Дәрігерлеріміздің әлеуеті бар. Тек адамдардың санасы өзгерсе екен.

Нұржан Өтепбергенов, қала тұрғыны:

– Қоғамда бұл жайында ақпарат аз. Енді-енді көтеріліп келе жатыр. Донор болу – өлім аузында өмір сыйлау деген сөз. Ағзасының бір бөлігі өмір сүреді. Ол кісілердің аты ешқашан ұмытылмайды. Мұсылман болғаннан кейін ол кісілерге үнемі құран бағыштаймыз.

«Еліміздегі діни ұйымдар да адам өмірін сақтап қалу үшін ағза алмастыруға рұқсат», – дейді.

Мерей Мұратханқызы, тілші:

– Донор болуға келісу-келіспеу – сіздің еркіңіз. Ойланып жатсаңыз, eGov порталына пікір қалдыруға болады. Тиісті тетікті басқаннан кейін сізге анықтама жіберіледі. Уақыт өте келе шешіміңізді өзгертсеңіз, оны да ескертуге ерік берілген.

Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі кодексінде донор тапшылығын осылай шешу көзделген. Түйткілдің түйіні санаға сілкініс жасағанда ғана тарқайтынын уақыт көрсетіп отыр.

 

Толығырақ https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/434570-biyl-238-adam-donordy-zho-ty-ynan-ajtys-bol-an

Информация для доноров