Өмірден өткеннен кейін ағзаны пайдалануға алдын ала өсиет ету тақырыбы тағы да қоғамның қызу талқысына түсті. Жұрт бұл жолы онлайн режімдегі мәйіттік донорлыққа қатысты дауласып жатыр. Өйткені мәйіттен алынған мүше нағыз мұқтаж жанға жетпес бұрын, саудаға түсе ме деп алаңдаулы.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі оған жол берілмейтінін сендіруден жалыққан емес. Жалпы бір апта бұрын енгізілген электронды үкіметтегі соңғы мәліметке сүйенсек, өлгенде ағзаны беру бастамасын қолдайтындарға қарағанда, бас тартқандар көп екен.

Мәйіттік донорлық туралы әңгіме қозғалғалы қазақстандықтардың пікірі екіге жарылған. Біреу «иә, ағзамды алыңдар» дейді, енді бірі қарсылық танытып бас тартып жатыр. Мамырда өз күшіне енген «Халық денсаулығы туралы» кодекске сәйкес, әр адам қайтыс болғаннан кейін өз ағзасын беруге немесе одан бас тартуға өтініш беруі тиіс.

Ал өлгенде ағза доноры болуға алдын ала өсиетті бұрын емханаларға қабылдайтын. Жақында оны атқарушы билік үйден шықпай-ақ, электронды үкімет порталы арқылы беруге болатындай етті.

Статистикаға зер салсақ, о дүниелік болғанда терісін, не денесін өзгеге беруге қарсы шыққандардың үлесі басым.

Мәселен, еговпен 1438 адам, қағаз жүзінде 300-дей қазақстандық донор болғысы келмейді. Ал жалпы саны 200-ден аса адам ғана басқаға өмір сыйлауды құп көреді.

Айжан Байтанова:

- Бұл бастама өмірден озып кеткеннен кейін де адамзатқа пайда әкелуімізге мүмкіндік береді. Бұл біреудің өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан неге дене мүшелерімізді өсиет етіп қалдырмасқа?

Бірақ бір күмән да бар. Осы өсиет етіп қалдырған дене мүшелеріміз шынымен мұқтаж адамдарға жете ме?

Иә, расымен де Айжан секілді басқа да қазақстандықтардың бас қатыратыны осы мәселе. Жемқорлықтың кесірінен «қалталылар ғана ағзаға оңай қол жеткізеді ме?» деген күдік бар. Сол себепті олар бұл істе ашықтық пен есептілікті талап етіп отыр. Ал елордалық Әсем Аманғұлова ағза доноры болуға түбегейлі қарсы.

Әсем Аманғұлова:

- Ағзаны беруге түбегейлі қарсымын. Біреуге тиіп кететін шығар, басқа біреулер ойлайтын шығар, ағзаны беру керек, басқа біреуге өмір сыйлау керек бәрібір кетесің ғой деп. Шариғат бойынша, ондай дүние жоқ. 12 мүшеммен сау келдім бе, сау кету керексің. Өзіміздің денеміз, өзіміз білеміз, өзіміздің құқығымыз.

Ал Денсаулық сақтау министрлігіндегілер мәйіттік донорлық тақырыбындағы пікірталасқа еті үйренген. Оларға біреудің ағзасын күтіп-сарғайған науқастардың өмірі қымбат. Соңғы 9 айда 238 отандасымызға донор табылмағандықтан, бұл өмірмен қоштасыпты. Қазірдің өзінде елімізде өзге адамның ағзасына үш мыңнан астам сырқат мұқтаж. Соның 90 пайызы бір ғана бүйрек үшін кезекте тұр.

Әділ Жұмағалиев, ҚР ДСМ Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығының директоры:

- Ислам діні, орыс православиесі бар, католиктер бар. Бұл діндерде қарсылық жоқ. Бүгінгі таңда бірыңғай күту парағында 3242 адам тұр. Оның ішінде 116-сы сәби. Трансплантация барлық қазақстандықтарға тегін. Бірде-бір мәйіттік ағза шетелдіктерге қолданылмайды.

Осы жылдың ақпан, наурыз айларында «Халықтың денсаулығын сақтау және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекс талқыланып жатқанда, мәйіттік донорлықты Алматы облысының халқы қолдамапты. Ал қазір нақты статистика болғанымен, қай аймақтың үлесі басым екені құпия қалып отыр.

 

https://www.ktk.kz/kz/news/video/2020/10/20/162144/

 

Информация для доноров