Ел аумағында 3 мыңнан астам адам өмір мен өлім арасында жанталасып жатыр. Олардың әрқайсы донор табылып қалар деген үмітке сеніп отыр.

Денсаулық сақтау вице-министрі Ләззат Ақтаеваның айтуынша, қазір  2775 науқасқа – бүйрек, 301 науқасқа – бауыр, 133 науқасқа – жүрек, 7 науқасқа – өкпе трансплантациясы қажет.

Жасыратыны жоқ, елімізде адам ағзасын ауыстыру операциясы жүзеге сәтті асырылып келеді. Отандық трансплантологтар жүрек алмастыруды да тиісінше меңгеріп алды. Алайда қоғамда күрмеуі шешілмеген мәселе бар. Ол – мәйіт донорлығы.

Хирург Жақсылық Досқалиевтің сөзінше, 2019 жылы 10 мәйіттің ағзасы 50 адамға өмір сыйлады.

«Тірі адам да, мәйітте донор бола алады. Тірі адам науқастың туысы болуы шарт емес. Донор мен науқастың ағзасы бір-біріне сәйкес келсе жетіп жатыр. Тірі донор ағзасын ауыстыруға өз еркімен келісім бергенін  нотариус арқылы растайды. Бұдан кейінгі іс дәрігерге аманатталады», – деді ол.

Дәрігерлерге мәйіт донорлығы қиындық туғызады екен. Көпшіліктің қайтыс болған адам жер қойнына берілуге тиіс, оның ағзасын пайдалануға болмайды деген теріс түсінігі мәйіттің ағзаларын пайдалануға кедергі келтіретін көрінеді. Мысалы 2017 жылы Ақтөбеде мәйіт донорлығына қатыс шу шықты. Қайтыс болған адамның бүйрегін алғаны үшін марқұмның туыстары дәрігерлерді сотқа берді. Іс сотқа дейін аяқталды. Себебі дәрігерлер заң аясында және науқастың келісімі негізінде әрекет еткендерін дәлелдеді.

Біле жүріңіз, бүгінгі таңда қазақстандықтардың 70%-дан астамы мәйіт донорлығын қолдамайды. Алайда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің  «Биологиялық өлімді немесе бас миының біржола семуін растау ережесін бекіту туралы» 2010 жылғы 11 тамыздағы № 622 бұйрығына енгізілген өзгерісте мәйіттен алынатын дене мүшелері туралы жазылған. Құжатта мидың өлімі анықталғаннан кейін, қайтыс болған адам тірі кезінде дене мүшесін алуға жазбаша қолхат қалдырмаған жағдайда, оның туған туыстарынан немесе заңды өкілінен келісім сұралатыны, алты сағаттың ішінде жауап берілмесе, донордың ағзасын алуға рұқсат берілетіні нақтыланған.

«Дүниеден өткен адамға ешқандай ағза қажет емес. Мәйіт табытқа түскеннен кейін оның ағзалары шіріп, ыдырап кетеді. Жер қойнауына берердің алдында мәйіттің екі бүйрегін, бауырын, жүрегін, ұйқы безін, өкпесін, көз қабығын алып, науқас адамдарға трансплантациялауға болады. Марқұм болған адам тірі адамға өмір сыйлау мүмкіндігіне ие болса, неге оның ағзасын пайдаланбасқа? Мәйіттің сау ағзасы тірі адамдардың өмірін ұзартады. Мысалы соңғы 11 айда 10 мәйіттің әрқайсынан 5 ағзадан алынды. Нәтижесінде 50 науқас адамның өмірі жалғасты», – деді дәрігер.

Жақсылық Досқалиевтің мәлімдеуінше, елімізде «келісім презумпциясы» туралы заң бар. Құжат мәйіттің ағзасын туыс-туғандарының келісімінсіз пайдалануға рұқсат береді. Алайда бұл заң орындалмайды.

«Адам тірі кезінде донорлықтан ресми бас тартпаса, қайтыс болған кезінде ағзасын пайдалануға болады. Бұған заң арқылы рұқсат берілген. Бізге осы заңның іс жүзінде орындалуын қамтамасыз ету қажет. Қайтыс болған бір адам алты науқас адамға өмір сыйлайды. Осыны естен шығармау керек», – деді хирург.

Айта кетейік, Жақсылық Досқалиев осыдан бірнеше жыл бұрын мәйіт донорлығына жазбаша келісім берген. Ол өзінің емханасында ағзасын алуға рұқсат беретіні туралы құжатқа қол қойған. Айтпақшы осыдан біраз бұрын ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев өлімнен кейінгі донорлыққа келісім беретіні туралы құжатқа қол қоятынын мәлімдеді.

Мәйіт донорлығына адамдардың діни наным-сенімі де кедергі келтіретін көрінеді. Десекте халқының 100%-ы ислам дінін ұстанатын Пәкістанда және 40%-ы мұсылман саналатын Үндістанда мәйіт донорлығы  заңдастырылған. Аты аталған елдерде бүйрек ауруына шалдыққан адамдардың ағзасы бір аптада трансплантацияланады. Атап көрсетерлігі мәйіт донорлығы заңдастырылған елдер тек өз азаматтарына ғана ота жасайды.

Біз дінтанушы Руслан Мамытовты тақырыпты шариғат шарты тұрғысынан талдауды өтіндік.

«Осыдан 100 жыл бұрын адам ағзасын ауыстыру былай тұрсын, осы туралы ұғым да болған жоқ. Кезінде УЗИ харам дейтіндер де болды. Егер қондырғы баланың жағдайын, денсаулығын анықтап берсе, ол қалай харам болады.

Исламда адам өлтіруге тыйым салынған. Ал адамға жәрдемдесуге,  жақсылық жасауға шектеу қойылмаған.  Жалпы, мұсылман адам өлім жайлы ойланып жүруге иіс. Десекте барлығымыз ұзақ өмір сүргіміз келеді. Сондықтан мәйіт донорлығын дұрыс түсіну қажет», – деді ол.

Біле жүріңіз, ағза алмастыру бойынша әлемде Испания көш бастап тұр. Бұл елде төлқұжат алар кезде азаматтар донорлыққа келісім береді. Ал кеңес одағы құрамында болған елдердің ішінде Беларусь мемлекетінде мәйіт донорлығы жақсы дамыған. Мұнда нақты диагноз қойылғаннан кейін дәрігерлер ешкімнен рұқсат сұрамай, мәйіттің ағзаларын медициналық мақсатта пайдалана береді. АҚШ-та көлік жүргізушілерінің куә­лігінде жазатайым жағдайда мәйіт донорлығына келісім беретіні немесе бермейтіні жазылып тұрады. Ал араб ел­де­рі­нде қайтыс болған адамның туыс­та­ры мақұлдаса, мәйіттің ағзасы науқастарға трансплантацияланады.

 

  Толығырақ: https://inbusiness.kz/kz/news/transplantologiya-tygyrykka-tirelip-tur

 

Информация для доноров