Ел бойынша 3 500-ге жуық пациент органдарды трансплантациялау кезегінде тұр. Оның басым көбі бүйрек ауыстыруды қажет етеді. Бір ғана Қарағанды облысында 300-ден астам адам бүйрек донорын күтуде, алайда соңғы 2 жылда бір де бір пациентке донор табылмаған. 

- Күтемін бір ғажайып нәрсе болатын шығар деп...

Қарағанды қаласындағы гемодиализ орталықтарының бірі бұл. Әр Айткүл сынды науқас тек ғажайыпқа сенеді. Себебі екі жылда бір де бір пациентке донор табылмаған. Салдарынан бұл категориядағы науқастар аптасына үш мәрте, ал әр келгенде 4 сағат тапжылмай аппаратқа байланып, қан тазартып отырады. Айткүл Қуанышбекованың да донорлық кезек күткеніне 4 жыл уақыт болыпты.

Айткүл Қуанышбекова,  облыс тұрғыны:

– Менің бір бүйрегім жартылай істейді, бір бүйрегім істемейді. Оң жағы. Күнде аптасына 3 рет келгенде инемен салғаны қиын. Талай нәрсе болды басында кетіп қалып қайта келдім. Келмей кетсем креатин көбейеді, ісіп кетемін. Екі бүйрек салдарынан іштегі ағзаны жеп қояды. 

Мамандар болса  мәңгілік сапарға аттанған адамдардың органдарын донор етіп алуды заңмен реттеу керек деп есептейді. Тіпті Иран, Ирак сынды ислам елдерінде бұл процедураларға рұқсат берілген. Алайда қазақтандықтар менталитетке сай донор болудан бас тартатын көрінеді. Салдарынан жаңа қабылданған заң жобасы нәтиже бермеуі мүмкін.  

Салтанат Сариева, Гемодиализ және трансплантология бойынша облыстық ДСБ штаттан тыс бас маманы:

- Өткен жылдың 20 желтоқсанында жаңа заң қабылданған. Онда азамат көзі тірісінде тіркелген жері бойынша донор болуға келісімін беріп қояды. Ауруы асқынып жан тапсырған сәтте органдары басқа адамға салынады. Мысалы, егер бүйрегі ауырған адамға тірі туысы бір бүйрегін берсе, әлбетте  ол қалған бір бүйрегімен ертең өзі де гемодиализ төсегіне таңылуы мүмкін. Ал қайтыс болған бір адамнан бірнеше орган алып қалуға болады. Яғни бірнеше адамның өмірін сақтайды.

Дәрігерлер қазір бүйрек ауруына шалдыққандар жыл санап көбейіп келе жатқанын айтады. Індет тіпті бесіктен белі шықпаған балалар арасында да кездеседі. Қазір облыстың барлық аудандарында гемодиализ орталықтары ашылған. Онда ем алатын 600-ге жуық науқас бар. Олардың жартысынан көбі органды алмастыру кезегінде тұр.  

Дереккөз: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/463951-aza-standa-300-adam-b-jrek-auystyru-kezeginde-t-r

Информация для доноров