RU

Елімізде жаңа Денсаулық кодексінің қабылданғанына көп уақыт бола қойған жоқ.

Құжат Парламентте 8 айға жуық қаралып, жан-жақты сүзгіден өтті, хабарлайды «Хабар 24».

Ондағы жаңашылдықтың бірі – марқұм болған адамның дене мүшесін алуға қатысты. Бұл ретте сол азаматтың немесе жақындарының келісімі қажет. Қоғамда қызу талқыланған дәл осы заң нормасының жай-жапсарын тілші тарқатады.

Рауан Мыңбаев, тілші:

- Елімізде адам органдарын алу және трансплантация операциялары тек мемлекеттік арнайы лицензиясы бар мекемелерде жүзеге асады. Қара нарықтағы жүрек, бүйрек, бауыр, өкпе саудасының жолы әлдеқашан кесілген. Алайда, шетелде ондаған АҚШ долларына бағаланатын адамның дене мүшелеріне сұраныс жоғары. Осы жайт қолданыстағы Денсаулық кодексін өзгертуге түрткі болды.

Әділ Жұмағалиев, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығы директорының м. а.:

- Үстіміздегі жылдың 7 шілдесінде Президент жаңа кодекске қол қойды. Мәйіттік донорлардың ағзалары шетел азаматтарына трансплантацияға қолданылмайды. Бүгінгі таңда трансплантация саны түсіп кетті. Былтырғымен салыстырар болсақ, былтыр 118 операция жасалса, биыл жарты жылда 47 операция жасалды. Оның себептері мәлім. Елімізде індетпен жүргізіліп жатқан күрес.

Жыл сайын елімізде жүздеген реципиент, яғни трансплантацияға мұқтаж жан кезек күтіп, ақыры өмірімен қоштасады. Жаңа кодексте адамның дене мүшесін қандай жағдайда алуға болатыны да айқындалды. Ол үшін донор көзі тірі кезінде келісім беруі қажет. Ал бақилық болғандар үшін жұбайы немесе жақындары шешім қабылдайды.

Әділ Жұмағалиев, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Соған қарамастан біздің ұйым жұмысын жүргізіп жатыр. Осы жарты жылда 66 әлеуетті донор анықталған. Өкінішке қарай, тек бір жағдайда донор өзектендіріліп, өткен айда 5 адам жаңа ағза алып, жаңа өмір бастады.

Еліміз бойынша трансплантация кезегінде 2,5 мыңға жуық адам тұр. Бірі бүйрек, бауыр, енді бірі жүрек немесе өкпесін ауыстырып, өмірін жалғастырғысы келеді. Арасында балалар да бар. 2 жыл бұрын осындай операциясы сәтті өткен Нұржан Өтепбергеновтың қазір жағдайы жақсы. Оған екінші өмір сыйлаған азамат көзі тірі кезінде бауырын аманаттаған екен.

Нұржан Өтепбергенов, қала тұрғыны:

- Мысалы менде донор болу деген ақпарат болған жоқ. Өзім 2017 жылы ауырған кезде бізде бауыр ауыстыратынын естідім. Сол сияқты қазір ақпарат жоқ. Білсе екен деймін. Маған донор жайында ақпарат берген жоқ. Бірақ операцияда жатқанда бір адамның есімін қайталап жаттым.

Айта кетейік, Денсаулық туралы жаңа кодекс Парламентте ұзақ қаралды. Ақыры депутаттар екі жақтың да пікірін ескеріп, Мемлекет басшысының қол қоюына жіберді. Ондағы тағы бір жаңашылдық жұмыс берушілерге қосымша жауапкершілік жүктейді. Егер қызметкер өз дене мүшесін жақынына беруді ұйғарса, оған мекеме тарапынан материалдық көмек берілуі қажет.
 

Толығырақ: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/410048-zha-a-densauly-kodeksini-tiimdiligi-nede

2023. Все права защищены

© Разработано в ABC DESIGN - создание сайтов в Астане