RU

Инсульттан көз жұмған жігіт бірнеше адамның өмірін құтқарып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Яғни, оның жүрегі, екі бүйрегі, өкпесі, бауыры алынып, 5 адамға сәтті ауыстырылды. Бауырды трансплантация жасау Алматыда, ал қалғаны елорданың бірнеше хирургиялық орталығында жасалды.

Қарлығаш Қайыпбекова, тілші:

- Павлодарда 31 жастағы ер адамның ми тамырлары жарылып, ауруханаға түскен. Дәрігерлер миға өте көп қан құйылғанын айтқан. Науқастың жоғары қан қысымы да болыпты. Соның әсері инсультқа әкеліп, жігіт содан қайтыс болады. Жүргізілген келісімдердің нәтижесінде туыстары мен жақындары оның ішкі органдарын алуға рұқсат берген.

Юрий Пя, ҚР Ұлттық кардиохирургиялық орталығының басқарма төрағасы:

- Біздің орталықта марқұмның жүрегі мен өкпесі екі науқасқа салынды. Жүрек 35 жастағы ер адамға берілсе, өкпе 41 жастағы әйелге жаңа өмір сыйлады. Одан бөлек, қос бүйрегі елорданың тағы бір орталығында екі адамға салынды. Ал, бауыр Алматыға жіберілді. Осылайша, карантин жағдайына қарамастан, 5 адамға сәтті операция жасалды.

Донордың бауыры Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталығына жеткізілді. Орган 38 жастағы бауыр циррозына шалдыққан ер адамға салынды. Операция тегін жасалған.

Болатбек Баймаханов, А.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы ақ басқарма төрағасы:

- Қазір науқастың жағдайы жақсарып келеді. Ол бауырды ауыстыру күрделі операция екендігін жақсы біледі. «Сондықтан дәрігерлерге, онымен қоса, донор болған марқұмның туыстарына алғыс білдіремін», дейді.

Олег Новожилов, емделуші:

- Жағдайым жақсарып келеді. Көптен бері кезекте тұрғам. Бауыр ауруының қиын емделетіндігін, тіпті емделуге жарамай қалатынын жақсы білемін. Донор табылады деген үмітім болған. Алдамапты. Түн ішінде дәрігерлер хабарласты, бірден келдім. 18 мамырда операция жасалды. Қалімді көріп тұрсыздар, жақсарып келемін.

Бүгінде еліміз бойынша 2800-ге тарта адам ағза ауыстыру үшін кезекте тұр. Олар транспланттауды үйлестіру орталығындағы бірыңғай күту парағына енгізілген. Онсыз операция жасалмайды. Емге жарамаған науқастар өз донорларын жылдап күтуге мәжбүр. Биыл 43 мәйіттік донор анықталған екен. Қаза болғандардың басым бөлігінің туыстары дене мүшелерін беруге қарсы болған. Ал, 40%-інде медициналық қарсы көрсетілімдер шыққан. Тек бір донордың жақындары ғана өз келісімін беріпті. Оның жүрегі, екі бүйрегі, өкпесі, бауыры алынып, 5 адамға трансплантация жасалды.

Әділ Жұмағалиев, ҚР ДСМ Транспланттауды үйлестіру орталығы директорының м. а:

- Осы сәтті пайдаланып, рахмет айтқым келеді әке-шешесіне. Мәйіттік органдар компьютерлік бағдарлама арқылы таратылады. Мәселен, 5 адам 5 облыстан. Органның сәйкес келуін немесе келмеуін компьютер анықтайды.

Еліміз бойынша өткен жылдың тамызынан бері қайтыс болған адам органдарынан трансплантация болмапты. Ал, 2012 жылдан бері 1800-ге тарта адамның органы ауыстырылды. Оның 372-сі ғана мәйіттен алынған. Осы сала мамандарының айтуынша, былтырдың өзінде кезекте тұрған 150-ге жуық адам қайтыс болып кеткен

 
Источник: 
https://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/397717-insulttan-k-z-zh-m-an-zhigit-bes-adamny-mirin-t-aryp-aldy

2023. Все права защищены

© Разработано в ABC DESIGN - создание сайтов в Астане