Павлодарлық 30 жастағы жігіттің миы қызметін тоқтатқаннан кейін оның ата-анасы баласының ағзаларын мұқтаж жандарға беруге келіскен.

Нәтижесінде оның жүрегі, өкпесі, бауыры мен екі бүйрегі ағзаға зәру адамдарға салынды. Қазіргі таңда Қазақстанда 2 770-тен астам науқас донорлық ағзаға мұқтаж.

38 жастағы Олег Новожилов асқынған бауыр циррорымен ауырғалы үш жыл болған. Донор мәселесі елімізде күрделі болғандықтан: «Сауығып кетуім екіталай», –деп операциядан үміт те үзген еді. Енді қазір барлық ауыртпалық артта қалды.

Олег Новожилов, науқас:

- Ағза беру туралы келісім берген туған-туыстарына, операцияны сәтті жасаған дәрігерлерге алғыс айтамын. Қазір жағдайым жақсы.

Дәрігерлердің айтуынша, 18 мамырда 30 жастағы жігіттің миы жұмысын тоқтатты. Кейін туған-туыстарының келісімімен оның ағзаларын мұқтаж науқастарға беру туралы шешім шығарылған. Ең алдымен ауыр халдегі науқастар іріктелді.

Болатбек Баймаханов, А.Сызғанов атындағы «Ұлттық ғылыми хирургиялық орталығы» АҚ басқарма төрағасы:

- Ауыр хәлде жатқан төрт адамды шақырдық. Солардың ішінен ең ауыр халде бауыр церрозымен жатқан 38 жасар науқасқа трансплантация жасадық.

Бауыр Алматыда ауыстырылса, қалған төрт ағза Нұр-Сұлтан қаласына жіберілген.

Юрий Пя, «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы» АҚ басқармасының төрағасы:

- Жүрегін ауыстырған науқастың жасы 35-те. Ал екі бірдей өкпеге мұқтаж болған әйел адамның жасы 41-де. Ем-домның басқа тәсілі болмаған соң, трансплантация жасауға мәжбүр болдық. Бұдан бөлек бүйрек ауыстыру операциясы да Нұр-Сұлтан қаласында, бірақ басқа орталықта жасалды. Екі бүйрек екі адамға салынды.

Бүгінде Қазақстанда ағзаға мұқтаж адамдардың бірыңғай күту парағы жасақталған. Онда 2 770-тен астам науқас тіркелген. Басым көпшілігі бүйрекке мұқтаж. 80 адамға бауыр ауыстыру операциясы керек болса, 159 науқас донорлық жүрекке зәру. Екі адамға өкпе керек.

Әділ Жұмағалиев, Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру орталығы директорының міндетін атқарушы:

- Жыл басынан бері 43 мәйіттік донор анықталған. Өкінішке қарай 60% туыстарының бас тартуы болды. Қалған 37% медициналық қарсы көрсетілімдер болып табылды және де бір донор өзектендірілді. Әке-шешесіне көп рақметімді айтқым келеді. Өйткені осы донордың бес ағзасы бес адамға қондырылды.

Жалпы 2012 жылдан бері 1800-ге жуық трансплантациялық операция жасалды. Оның ішінде 373-і мәйіттік ағзаны алудың нәтижесінде мүмкін болды. Бүгінде Қазақстанда әлі де болса қайтыс болған туысының азғасын беруге қарсы болатындар көп. Сондықтан жылына жүзден астам адам күту парағынан шығып қалады. Яғни донорлық ағзаға қол жеткізе алмай, көз жұмады.

 

Источник: https://khabar.kz/kk/news/kogam/item/125142-insulttan-koz-zhumgan-adamnyn-organdary-bes-naukastyn-omirin-kutkardy

Информация для доноров