RU

Жақсылық Досқалиев екі рет Денсаулық сақтау министрі болған

Коронавирус пандемиясы екі жыл ішінде Қазақстан медицинасын түбегейлі өзгертті. Індет басталғалы елдегі орган алмастыру қарқыны бәсеңдей бастаған. Бүгінде Қазақстанда 3500-нан астам адам өмірін ұзарту үшін орган күтіп отыр. Halyq Uni тілшісі осы және өзге де мәселе бойынша бұрынғы денсаулық сақтау министрі, қазіргі Трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығының басшысы Жақсылық Досқалиевпен сұқбат құрды.

- Естіп жатқан шығарсыз, өткен аптада Қазақстан үкіметі екі жыл бойы елде болған карантиндік шектеулерді барынша жеңілдетті. Қалай ойлайсыз, коронавирусты жеңдік деп айта аламыз ба?

- Індет бүкіл әлемде болып жатыр. Бірақ Қазақстанда үлкен күрделі жұмыстың арқасында оның беті қайтарылды. Үкімет қаражатты аяған жоқ. Елге бес түрлі вакцина әкеліп, таңдау еркіндігін берді. Жетістігіміз - отандық QazVac вакцинасы шықты. Вакцина шығару кез келген мемлекеттің қолынан келетін іс емес. Біздің мемлекеттің жасаған үлкен жұмысының нәтижесі. Індет басылды деп айтуға ерте, Қытайдың Ухань қаласында вирус қайта өршіп жатыр. Қазір онымен күресу жолдары белгілі болды. Ең бірінші ол вакциналау, екінші карантиндік шаралар. Дәрі дәрмек пен жатын орын жеткілікті. Қысқа мерзімде үлкен жұмыс істеліп, тәжірибе жиналды. Осының арқасында соңғы күндері Қазақстанда коронавирустан бірде бір адам өлген жоқ деп айтатын күнге жеттік. Бір кездері күн сайын індет жұқтырған мыңдаған адам және коронавирустан көз жұмған бірнеше адам туралы статистика тіркелетін. Қазақстан әлемдегі жасыл аймақта тұрған санаулы елдердің бірі. Көптеген елде әлі өршіп жатыр. Бұл вирустың ерекшелігі ол уақыт өткен сайын мутацияға ұшырай береді. Ұжымдық иммунитеттің арқасында оны түбегейлі жеңбесек те, ауыздықтай алдық.

- Қазақстанда вакциналау паспортын сатып алғандар да бар. Қазір елде ұжымдық иммунитет қалыптасты деп айта аламыз ба?

- Айтуға болады. Әрине, ондай жағдайлар болды. Бәлкім білместіктен немесе вакцинаға түбегейлі қарсы адамдардың сөзіне еріп кеткен болар. Қазіргі нәтижеге қарап ұжымдық иммунитет бар деп айтуға болады. Бірақ штамм өзгерген сайын қайтадан вакцина жасау керек. Дамыған елдердің тәжірибесі солай дейді. Қытай, Израиль, Жапонияның тәжірибесі ревакцинацияның тиімділігін көрсетіп отыр. Өйткені бұл вирус, тірі нәрсе. Адамның организміне енген соң мінезін, әсерін өзгертеді. Меніңше оны түбегейлі жеңбесек те, ауыздықтауға мүмкіншілік бар.

- Дәл қазіргі жағдайда Қазақстан үкіметі халықты ревакцинация жасау үшін қалай ынталандыруы керек? Мысалы, бұрын Аshyq қосымшасын міндеттеп, онымен бір жерге кіру үшін вакцинаны міндеттеді. Енді қазір қалай ынталандыру керек?

- Аshyq қосымшасы мен басқа да шектеу шаралары адамның сана сезімін қалыптастыру үшін жасалды. Қазір бәріміздің көзіміз жетті. Вакцина жасасақ алдымен өзіміздің, одан кейін айналамыздағы жақындарымыздың амандығы үшін маңызды екенін білеміз. Қазір Аshyq-тың қажеті жоқ, өйткені халықтың қалыптасқан білімі мен жауапкершілігі бар деп ойлаймын. Айналдырған екі жыл ішінде осы індеттен қаншама адам өлді. Қаншама адамның көз жасы төгілді. Соны көрген соң вакцинаның маңызын түсінеді. Қазір маска киюдің де қажеті болмай қалды. Біртіндеп бұрынғы өмірімізге қайтып келеміз.

- Бастапқыда қайтыс болған адамдардың саны айтылмады. Жалпы біздің министрлік пандемия тұсында қандай қателіктер жіберді?

- Біріншіден, бұрын болмаған инфекция. Бастапқыда Қазақстанға келгенде жеңіл түрі болды. Оны қалай емдеу керек, белгілері қандай екенін және қалай құбылып отыратынын ешкім білмеді. Вакцина деген ешкімнің түсіне кіріп шықпады. Иә, қайтыс болған адамдар көп болды, тіпті оларды бөлек жерледі. Жұқпалы болғандықтан жақындарына берілмеді. Бірақ ешкім жасырған жоқ. Мұндай жағдай тек Қазақстанда болды десеңіз, қателесесіз. Бүкіл әлем не істерін білмеді. Қысқа мерзімде ауыздықтай алдық. Бір жыл ішінде вакцина шығарып, халықтың басым бөлігі екпе алып, иммунитет қалыптастыра алдық. Есесіне, осы аралықта ғылыми тұрғыдан дамыдық, жаңа технологиялар келді. Оны ауыздықтауға шамамыз жетті.

- Екі мәрте Денсаулық сақтау министрі болдыңыз. Саланың қазіргі дамуына қандай баға берер едіңіз?

- Денсаулық сақтау саласы бір жерде тұрмайды, күнде жаңа аурулар мен диагностика жасайтын тәсілдер, жаңа құрал-жабдықтар пайда болып жатыр. Ғалымдар жаңа дәрі-дәрмектер ойлап шығарып жатыр. Дами беретін сала. Денсаулық сақтау саласын бағалайтын бір көрсеткіш бар. Біріншіден, егер «мемлекетте орган трансплантациясы бар болса, онда бұл мемлекетте медицина мен көмек көрсету жоғары деңгейде жасалып жатыр» деген баға бар. Бізде Қазақстанда трансплантация жүрекке, өкпе, бауыр мен бүйрекке жасалынады. Сондай-ақ жасуша трансплантациясы да бар. Демек біз дамыған елдермен кейбір мәселелерде тереземіз тең. Екіншіден, жаңа технологиялардың енгізілгеніне қарап бағалауға болады. Бұл жағынан да біздің жетістіктеріміз аз емес. Мысалы, нейрохирургия, эндоскопия саласы, ана мен балаға байланысты қолдан ұрықтандыруға көп көңіл бөлініп, технологиялар енгізіліп жатыр. Ал проблемалар болады. Денсаулық сақтау саласында проблемасы жоқ бірде-бір елді білмеймін. Қарыштап дамыған АҚШ-та да жалпы ішкі өнімнің 20% медицинаға бөлініп жатыр. Соның өзінде де коронавирустың кезінде қаншама мың адамы қырылды.

- Әріптесіңіз - экс-министр осы пандемияға бөлінген қаржыны жымқырды деп айыпталып, қазір сот процесі жүріп жатыр. Қоғамда сізге де, оған да қатысты «әділетсіздіктің құрбаны» деген пікір айтылады.

- Жоқ, олай деп қарауға болмайды. Мен бұрынғы жүйенің құрбаны емеспін. Өзімді олай санамаймын. Мен істі болдым, оны елдің бәрі біледі. Бірақ мен ештеңе ұрлаған жоқпын. Сотта бәрі шешілді. Өзіммен ештеңе әкеткен немесе денсаулық сақтау саласын құлатып кеткенім жоқ. Ал Елжанға қатысты айтарым, қазір баға беруге болмайды. Іс әлі қаралып жатыр. Соттың бірінші отырысынан кейін шала жері көп деп істі қайтарып жіберді. Істің нақты біткенін күту керек. Содан кейін айтуға болады. Министр болып келген адам үкімет пен халықтың үлкен сенімін ақтау үшін келеді. Екі рет министр болған адам ретінде айтайын, ол адамның мойнына салынған үлкен жүк. Бұрынғы әріптестерім, қазіргі министр болсын сол үлкен жүкті көтеру үшін жанын салып жүр. Сондықтан «келіп жеп кетті, немесе саланы құлдыратты» деп айтқан дұрыс емес. Сондай ақ БАҚ-та өзі таратқан әр ақпарат үшін жауап берген дұрыс деп санаймын. Кейбір БАҚ мәселенің ақ-қарасын ажыратпай ақпарат таратады. Фейк көбейіп кетті. Асықпай күтуіміз керек.

- Сіз істі болған кезде инсульт алдыңыз. Сол кезде тергеу органдары «өтірік істеді» деп те айыптады...

- Иә, инсульт алдым. Әлі күнге дейін сол қолымның саусақтары дұрыс істемейді. Бірақ оған қарап жатқан мен жоқ. Сол қолға үш саусақ жетеді екен. Аяқты кішкене сілтеп басамын. Адамның өмір сүруі үшін ол да жарайды. Операция жасап жүрмін. Мені «өтірік істеді» деп айтты. Өзім есімді білмей жатқан соң, қалай қақпақ боламын. Соңында көздері жетті. Қазір ол адамдар көзіме тіке қарай алмайды. Мен кез келген адамның көзіне тіке қарай аламын. Не үшін жасағанын түсінбедім. Әлі күнге дейін жұмбақ. Мен қашып кетеді деп ойлады ма, білмеймін. Бес жыл бойы реабилитациядан өттім. Шет елдерде бірге жұмыс істеген әріптестерім көп. Солардың көмегімен оңалтудан өттім. Құдайға шүкір, аяқ пен қолдан айырылып қалған жоқпын, орнында тұр.

- Қазақстандағы орган алмастыру туралы айтқанда, «трансплантологтар ісі» деген атпен танылған Ғани Құттымұратов пен Абылай Донбайға қатысты іс еске түседі. Жалпы осы істің елдегі транспланталогияның дамуына қалай әсер етті?

- 2012 жылдан бастап Қазақстанда трансплантация мықты дамып еді. Осыдан 3-4 жыл бұрын біздің екі мықты трансплантологқа қатысты «орган сатып, пайда тапты» деген жаламен іс қозғалды. Екеуі де білікті маман. Трансплантацияны жәй адамдар істей алмайды. Кем дегенде 6 сағат, кейде 12 сағаттан астам тұрып ота жасайды. Істің нәтижесін білесіздер, екеуі де ақталып шықты. Қазір жұмысына қайта оралды. Әрине денсаулығына салмақ түсті, моральдық-психологиялық зиян көрді. Түрме - санаторий емес. Құқық қорғау органдары сот болмай жала жабуға болмайды. Егер сот үкім шығарса, сонда ғана айтуға болады. Бірақ сот болмай, тергеу жүріп жатқанда теріс ақпарат беруге болмайды. Дәрігерлердің барлығы шындықты білді, олардың кінәсіз екеніне көзім жетті.

- Бұл жерде мәселе дәрігерлердің құқықтық тұрғыда қорғалмағанында болып тұр ғой....

- Дұрыс айтасыз. Қазір Парламентте дәрігерлердің құқығын қорғауға байланысты заң жобасы қаралып жатыр. Соның ішінде сот сараптамасын өткізбей қылмыстық істі қозғамау туралы бап бар. Мысалы, кейбір адамдар «ауруханаға сау барып, дәрігерлердің қолынан мүгедек болып қалдым» деп шағымданады. Іс қозғалып, сараптама кейін жасалады. Біз алдымен сараптама жасалып, нәтижесіне қарай іс қозғалуға тиіс деген пікірдеміз. Жақында Теміртауда бір келіншек перзентханаға түскен. Дәлізде кетіп бара жатып толғағы келіп туып қалған, баласы жерге түсіп травма алған. Сараптама жасау керек. Егер дәрігердің кінәсі болса, бір нәрсе. Егер дәрігердің кінәсі болмаса, басқа нәрсе. Кейбір адамдарда анафилактикалық шок болады. Кейбір адамдардың организмі кей дәрілерді қабылдай алмайды. Ол дәрігерлердің әдейі жасағаны емес. Аталған заң жобасы дәрігерлерді құқықтық қорғауды, мамандық мәртебесін көтереді деп ойлаймын. Әйтпесе, дәрігерлерді балағаттап, соққыға жығатын жағдайлар болады. Егер заң қабылданатын болса ондай азаматтардың барлығы заң алдында жауап береді. Жобаны қолдадым, пікірімді айттым.

- Пандемиямен өткен екі жылда әр салада өзгеріс болды. Елдегі трансплантология саласы қалай дамып жатыр?

Қазақстанда трансплантация жасайтын алты орталық бар: Алматы, Шымкент, Ақтөбе және елордада. Барлық жерде операция жасалып жатыр. Коронавирус кезінде аздап шектеулер болды, көп стационаларлар КВИ жатын-орнына ауысып кетіп, жоспарлы оталар тоқтатылды. Трансплантацияның деңгейі төмендеді. Саладағы үлкен проблема - донор тапшылығы. Донор көбіне мәйіттен алынады. Коронавирус кезінде мәйіттерден орган алынған жоқ. Жалпы, мәйіттің органын алуға туысқандары қарсы болады. Мен түсінемін, күтпеген жерден келген өлім. Таңертең өз аяғымен жүрген адам кешке миы өліп қалатын жағдайлар болады. Туысқандарын түсінемін, екінші жағынан мәйіт болғаннан кейін оған ағзалары керек емес. Жердің астына кеткен соң көп болса 5-6 жылдан соң еріп кетеді. Бірақ бір мәйіт бес адамның әрі қарай өмір сүруіне көмектеседі. Екі бүйрегін, бауыры, жүрегі, өкпесі мен екі көзінің мөлдір қабығын алып салуға болады. Ал орган күтіп отырған адам көп. Әсіресе, диализде жүрген науқастар үшін өзекті. Екі бүйрегі істемеген соң аптасына үш рет диализге бару керек. Егер қалада тұрса бір жөн, ауылда тұратын адам қыстағы боранда қалай жетеді? Осындай қиыншылық бар. Қазір Қазақстанда 3500 адам мәйіт органын күтіп отыр. Әрқайсының кем дегенде бес туысы бар деп санасақ, 15-16 мың адамда күндіз күлкі, түнде ұйқы жоқ деген сөз. Бұл шағын бір аудан деп айтуға болады. Бұл адамдарға көмектесу керек. Қалай? Мәйіт болғаннан кейін туысқандары дәрігерлер айтқанда қолдаса жетіп жатыр. Қанша қиналып жатса да «жарайды» деген бір ауыз сөз жеткілікті.

- Қаңтар оқиғасына қатысты пікіріңіз. Себебі неде?

- Мен саясаткер емеспін. Өзіңіз сияқты азаматпын. Президент те, мамандар да айтып жатыр. Оған кінәлі - бұрынғы Үкімет. Бәрі экономикаға келіп тіреледі. Бағаны себепсіз көтеру ақылға сыймайды. Мәселен, қазір Ресей мен Украина арасындағы жағдайға байланысты доллар қымбаттап, ол қымбаттаған соң біртіндеп баға көтеріліп жатыр. Халық оны түсінеді. Ешкім де далаға шығып жатқан жоқ. Бірақ қаңтарда соғыс жоқ, бейбіт өмір еді. Халық жанына батқан соң шықты. Өкінішке қарай арты қайғыға ұласты. Ең қиыны - адам шығыны. 238 адамның өмірі қиылды. Үлкен шығын. Қиратылған ғимараттар салынар, сынған дүние қалпына келер. Бірақ адамның өмірі қалпына келмейді. Жаңа Қазақстан деп айтып жатыр ғой. Жаңа Қазақстан, жаңа жүйе болатын шығар деп ойлаймын. Біздің халық өте момын, жұмыскер, шыдамды халық. Қаңтарда болған қасіреттен барлығымыз да түйін жасауымыз керек. Билік өз түйінін жасады, үкімет жұмысын бастады. Дағдарысқа қарсы шараны қолға алды. Жалғыз президент немесе Үкімет ештеңе істей алмайды. Бүкіл қоғам болып жұмылу керек. Мемлекет, ел мен жер және ұрпақ біздікі.

- Жаңа Қазақстан туралы айтылғанда, кейбір тұлғалар ескі жүйені жамандап, қазіргі жүйені мақтай бастады. Қазақстан қоғамы мұны жағымпаздық деп қабылдап жатыр. Сіздің пікіріңіз?

- Бес саусақ бірдей емес. Жағымпаздар болды, совет үкіметінде де болды. Тіпті компартия құлағанда «компартия керек емес» деп билетін лақтырған адамдарды да білемін. «Нұр Отанды» қолдап айқайлап, кейін одан бас тартқандар да арамызда жүр. Біз олардың соңынан еру қажет емес екенін ісімізбен айтуымыз керек. Отан соғысы кезінде қаншама адам полицей болып кетті, жазықсыз адамдарды қорлады. Сондықтан, біз өсіп келе жатқан жас буынды ондай үлгіде тәрбиелемеуіміз керек.

- Медицина саласындағы басты проблема - кадр тапшылығы. Білімді жастар шетелге кетіп жатыр дегенді жиі естиміз. Мәселен, елдегі санаулы маманның бірі - сіздің жиеніңіз де шетелде жүр. Білімді жастарды елге қайтару үшін не істеу керек?

- Бұлар - «Болашақ» бағдарламасымен шетелде, оның ішінде ең дамыған мемлекеттерде оқып, білім мен тәжірибе жинаған жастар. Оның деңгейі мен Қазақстанның айырмашылығы жер мен көктей болмаса да, айтарлықтай бар. Елге келген соң өз мамандығына сай жұмыс таба алмай қиналады. Екіншіден, жыл сайын қысқарту болып жатыр. Мысалы, пандемия кезінде қаншама кәсіпорын жабылды. Жұмыс болмаған соң шетелге кетіп жатыр.

Қазір Марлен (жиені – авт.) Жапонияда. Ол сонда оқыды, кейін Қазақстанда трансплантация саласында жұмыс істеді. Біздегі Ұлттық ғылыми медициналық орталықтағы трансплантация бөлімі жабылды. Ол жұмыссыз қалғанда Жапонияға шақырды. Өйткені мықты маман. Бірінші 1,5 жыл, одан кейін тағы 1,5 жыл. Сосын Жапония үкіметі ең жоғары білімі бар маман деген атақ беріп, тағы 5 жылға қалып қызмет етуін сұрады. Қазір сонда жұмысын істеп жұр. Бұл мәселеге бір жағынан қарасақ, біздің қазақстандық жастардың білімі мықты, бәсекеге қабілетті дегенді білдіреді. Екінші жағынан қарасақ, біз сапалы кадр жағынан ұтылып отырмыз. Біз білімді мамандарға жұмыс істеу үшін жағдай жасауымыз керек. Егер маман керек болса жұмыс бер, жағдай жаса. Жұмысы бола тұра кетіп жатқан жастарды көрген жоқпын. Жұмысы жабылғаннан соң не істейді? Сондықтан шетелге оқуға жіберердің алдында жоспарлау керек. «Болашақпен» оқуға жіберген жастарға оқуын бітірген соң дайын жұмыс болуы керек. Сонда білікті мамандар жеткілікті болады.

Дереккөз: https://halyq-uni.kz/kozkaras/1508-doskalievpen-suk-bat-birtanov-isi-kantar-okigasy-d-rigerlerdin-zhazyksyz-sottaluy-kadr-tapshylygy-zhaily/

2023. Все права защищены

© Разработано в ABC DESIGN - создание сайтов в Астане