RU

Күту парағындағы қазақстандықтардың 90%-ы бүйрекке мұқтаж.

Медицина саласында ағзалар мен тіндерді ауыстырып қондыру әдісі кеңінен тараған. Қазір Қазақстанда 6 трансплантация орталығы бар. Соңғы кездері адамдарға ағза ауыстыру, мәйіт донорлығы жайлы кеңінен ақпарат таратып, аталған саланың жұмысын жақсарту үшін транспланттауды үйлестіруші мамандарды даярлау қолға алынды.

Azattyq Rýhy тілшісі «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық» директоры Әділ Жұмағалиевпен ағза донорлығы туралы сұхбаттасты.

ҚАЗАҚСТАНДА АҒЗА АУЫСТЫРУ ОТАСЫ ТЕГІН ЖАСАЛАДЫ

- Ағза ауыстырудың екі түрі бар: тірі донорлық және мәйіт донорлығы. Мәйіт донорлығы тиімді жол болғанымен, бұл ретте дүние жүзі бойынша тапшылық бар. Ал, Қазақстанда мәйіт донорлығы енді ғана дамып келе жатыр. Статистика деректері бойынша, қазір елімізде 3418 адам күту парағында тұр, оның 107-і бала. Науқастардың 3118-і бүйрекке мұқтаж, бұл дегеніңіз - 91%. Трансплантация саласындағы барлық қызмет біздің елде тегін жасалады. Егер «қара нарық» бар болса, біздің бірыңғай күту парағымыз азайып қалар еді. Біз ашықтық, жариялылық пікірлеріне сүйене отырып жасаймыз. Мұнда бірақ медицинаның «зияныңды тигізбе» деген принціпі бұзылады. Тірі донордың бүйрегін немесе бауырын алу да әзірге сирек жағдай.

Айта кететіні, ағза донорлығына ешкім адамдарды арнайы дайындамайды. Қазақстанның азаматы ағзалары немесе тіндері тірі кезінде және қайтыс болғаннан кейінгі донор бола алады. Трансплантаттау үшін тірі кезіндегі донордан денсаулықтың біржола бұзылуына алып келмейтін жұп ағзаның бірі, ағзаның бөлігі немесе тіні ғана алынуы мүмкін. Оны алмас бұрын донорды толықтай медициналық тексеруден өткізеді. Мәселен, бір кісінің бүйрегі ауырып, дәрігерге барды делік. Егер маман ол адамға бүйрек ауыстыру қажеттілігін көрсе, анализ тапсыртады. Сосын анализ қорытындысы бойынша комиссияға бағыттайды. Барлық нәтиже сараптамадан өткізген комиссия адамның ағзасын ауыстыру қажет деген шешімге келгенде ғана науқас өз туыстарының ішінен донор іздей бастайды. Егер, туыстарының ішінен донор табылса, ол толықтай тексеруден өтеді. Ең алдымен донор болатын адамның ағзасы жұпсыз жұмыс істей ала ма, жоқ па соны анықтайды. Осыдан соң тірі донор мен реципиент құжаттары этикалық комиссияға жіберіледі.  Комиссия олардың генетикалық байланыстары бар-жоғын анықтайды.

МӘЙІТ ДОНОРЛЫҒЫ ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

- Мәйіт донорлығы Орта Азия елдеріне кіретін 5 мемлекеттің ішінде - тек Қазақстанда бар. Мәйіт донорлығы елде жақсы дамып келе жатқан еді, бірақ 2017 жылы Ақтөбеде бас ми жарақатынан қайтыс болған 22 жастағы жігіттің бауырын дәрігерлер туыстарының рұқсатынсыз алған оқиғадан соң, көпшіліктің донорлыққа деген көзқарасы өзгерді. Көпшілік халықтың мәйіт донорлығы туралы дұрыс хабары болмаған соң, түрлі қауесет пікір бар. Кейде сондай жаңсақ пікір таратушылар өздері ауырмайтындай, өз туыстарына ағза қажет болмайтындай, осы саланың маманы сынды дәлел мен дәйексіз пікірлер жазып жатады. Олардың көздеген мақсаты не екенін білмеймін. Былтыр бізде екі-ақ донор анықталды, биыл біреуі де жоқ. Біздің бірыңғай күту парағымыз бар және ол өте керек дүние. Күту парағы әркімнің кезегі келгенде кіре салатын жер емес, ол үнемі ауысып тұрады. Біреулер шығып жатады, енді біреулердің ағзасына келмей жатадыы. Тағы бірі кезегі келмей қайтыс болып кетеді. Бірыңғай күту парағында қазір 3418 адам тұр. 2017-2019 жылдар аралығында 357 адам қайтыс болып кетті, былтыр бір жылдың ішінде ғана 302 адам күту парағына жетпей көз жұмды. Осы мәйіт донорлығына қарсы болған танымал бір блогер болды. Парақшасында үнемі донорлыққа қарсы жазба жариялайтын. Өмір қызық қой, сол блогердің аты-жөнін күту парағының тізімінен көрдік. Басқаға туған жағдай ертең өз басыңа келуі мүмкін екенін ұмытпаған жөн. Өзім де мәйіт доноры болуға келісімімді бердім (құжаттарын көрсетіп).

АЯЖАН ЕДІЛОВАНЫҢ ӨЛІМІ ТУРАЛЫ

- «Қара нарықта» адам ағзасын саудалайды деген әңгімеден соң көп кісілер мәйіт доноры болудан бас тартып, қашады. Адам ағзасын алу - қиын процесс. Жақында қайтыс болған Аяжан Еділованың өліміне кінәлі жігіттің медициналық білімі болғандықтан, трансплантацияға қатысы бар екен деген қауесет тарады. Ондай болуы мүмкін емес. Біріншіден, әлі күнге дейін адам ағзасын пакетке салып алып, екінші бір адамға салған бірде-бір дәрігер көрмедім. Өйткені, ол өте қиын процесс және оған көп адам қатысады. Операция барысында бүтін бір бриагада жұмыс істейді. Донордан алынған ағза арнайы температурада сақталады. Мәйіт донорларының ағзаларын сақтау үшін микродоза, түрлі дәрілер арқылы қорғайды. Осының бәрі протокол бойынша жүзеге асады. Одан бөлек, ағзаны науқастың денесіне тез арада қондыру керек. Сондықтан ол жерде адам ағзасын саудалауға қатысы бар деу бос сөз.

МӘЙІТХАНАЛАРДАҒЫ АҒЗА САУДАСЫ

- Әрине, мәйітханада жатқандардың да ағзасы жарамсыз, салуға келмейді. Кейде ағза донорлығына рұқсат берген кісілердікі де жарамай жататын сәттер жиі кездеседі. Қазақстанда «қара» транспантологтарға орын да жоқ. Себебі, бізде адам ағзасын ауыстыратын маман санаулы ғана. Ағза донорлығына күту парағындағы тізімді жылжыту да мүмкін емес. Себебі адам ағзасы және тіні кімге қалай келетінін компыютер өзі анықтап шығарады. Сәйкес келмесе, адам ағзасы бөтен ағзаны қабылдамай, лақтырып тастайды. Компыютерге науқастың әлеуметтік жағдайы, қызметі еш маңызды емес.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ АҒЗА ДОНОРЛЫҒЫН КІМДЕР ЖҮРГІЗЕДІ?

Ағзаларды ауыстырып салуға мұқтаж пациенттерге трансплантологиялық көмекті ұйымдастыру «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) және оны іске асыру үшін қабылданған заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерге сәйкес жүргізіледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталық (бұдан әрі – Үйлестіру орталығы) ел аумағында трансплантациялық үйлестіруді жүзеге асырады. Трансплантациялық үйлестіру қызметінің мақсаты – Қазақстанда ағзалық донорлықтың тиімді ұлттық жүйесін құру.

Қазақстанда Кодекстің 210-бабы 1-тармағына және 212-бабы 1-тармағына сәйкес: 18 жастағы және одан жоғары жастағы реципиентпен генетикалық байланыстағы және онымен тіні үйлесетін, ағза және тін бөліктерін  бөлігі трансплантаттау үшін алуға жазбаша нотариат куәландырған келісімін білдірген адам ғана тірі кезінде доноры бола алады. 18 жастан жоғары миының біржола семуі расталған, ағза мен тінді реципиентке трансплантаттау үшін пайдаланылуы мүмкін адам қайтыс болғаннан кейінгі донор болуы мүмкін.

ТРАНСПЛАНТАЦИЯҒА ЗАҢ ЖҮЗІНДЕ ҚАНДАЙ ТЫЙЫМДАР БАР?

Кодекстің 209-бабы 4-тармағына сәйкес ағзаларды трансплантациялаған кезде:

- адамнан ағзаларын мен тіндерін мәжбүрлеп алуға;

- адамды өзінің ағзасын және тіндерін беруге мәжбүрлеуге;

- адамның ағзаларын және тiндерінсатып алуға-сатуға;

- кәмелетке толмаған немесе әрекетке қабiлетсiз адам болып табылатын тірі кезіндегі донордан немесе қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлiгін), тiндерiн (тінінің бөлігін) алуға;

- қайтыс болғаннан кейінгі донордан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және (немесе) тіндерін (тінінің бөлігін) шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға трансплантаттау үшін алуға;

- денсаулығының жай-күйі, жасы немесе өзге де себептер бойынша өзінің жеке басы туралы деректерді хабарлай алмаған және қайтыс болуын растау кезінде жеке басы анықталмаған адамдардан ағзаларын (ағзасының бөлігін) және тіндерін (тінінің бөлігін) алуға тыйым салынады.

 

 Дереккөз https://azattyq-ruhy.kz/interview/22716-transplantatsiia-aiazhan-edilovanyn-olimi-zh-ne-m-iit-donorlygy-zhaiynda-sarapshymen-sukhbat

2023. Все права защищены

© Разработано в ABC DESIGN - создание сайтов в Астане