KZ

Жазатайым оқиға 2013 жылдың сәуір айында зауытта болды. 33 жасар Гжегож тас ұнтақтау білдегінде жұмыс істеп тұрған кезде үлкен сынық опырылып, оның басына тиеді. Жарақаттардың ауқымдылығы соншалықты, ұзақ мерзімді болашақта пациенттің аман қалуына ешбір мүмкіндік болмаған. Алайда, медиктер оған көмек көрсетуге бел буды. Оқиғадан бірнеше сағат өткеннен кейін Гжегож Вроцлавтың клиникалық ауруханасындағы ота жасау үстелінде жатты. Хирургтар оның көздері мен бетінің төменгі бөлігін құтқарып қалса да, ортаңғы бөлігінде өз тінін ауыстырып сала алмады. Сонда олар біздің орталыққа жүгінді. Біз келіп, зақымдарды зерттегеннен кейін, пациент өмірін сақтап қалудың және қандай да бір функциялары мен сырт келбетін қалпына келтірудің жалғыз мүмкіндігі - бетті ауыстырып салу екендігін түсіндік.

Мен Мария Кюри атындағы Онкология институтының реконструктивтік хирургия бөлімшесінде 18 жыл қызмет етемін, алайда, мұндай оталарды бұрын орындаған емеспін. Гжегождың жағдайы бүкіл әлемдік тәжірибе үшін айрықша болды. Әрине, бетті транспланттау бүгінгі күні ешкімді таңғалдырмайды. Алайда, мұндай ота ұзақ дайындықты қажет етеді, ол бір-екі айдан бастап бірнеше жылға дейінгі уақыт. Бізде бұл уақыт та, басқа амал да болған жоқ. Біз жедел әрекет етуіміз қажет болды, себебі хирургиялық араласусыз Гжегождың тірі қалуға мүмкіншілігі болмады. Ол өз бетімен дем ала алмайтын, бас миымен іргелес тіндер жоқ болды, кез келген инфекция ажалға әкелуі мүмкін еді. Оның жолы болды деуге болады: мұндай ауыр бет жарақаттарын алған адамдар өкінішке орай, аман қалмайды. Гжегож және оның отбасы тәуекелге барды: көруге және сөйлеуге шамасы болмағандықтан, ол барлығын ыммен растап, құжаттарға қол қойды.

Донор он екі күн ішінде өте жылдам табылды. Біз транспланттау бойынша мемлекеттік тіркелімді үнемі тексеріп отырдық, жасы, жынысы, қан тобы және басқа параметрлері сай келетін лайықты донор табылғаннан кейін біздің хирургтар мен тіркелім үйлестірушілері бірден оның отбасымен хабарласты. Біз оларға қайтыс болған туысқандарының бетін сақтап қалып, басқа адамға өмір сыйлау мүмкіндігі туралы айттық. Соңғы сөздер шешуші болып, олар келісімін берді.

Бірегей, тарихта алғашқы рет жоспардан тыс бетті ауыстырып салу отасын жасайтынымыз туралы ой келген емес. Ота алдында біз барлығын пысықтап, қарастыруға тырыстық, мүмкін опциялар мен жағдайларды ойластырдық. Өз сезімдеріміз бен эмоцияларымызға уақыт қалмады. Техникалық тұрғыдан біз бетті кесіп алуға дайын болдық, себебі мәйітпен жаттыққан едік. Ал психологиялық тұрғыдан қарастырсақ, хирург үшін мәйіттің беті – тек мәйіттің беті ғана. Уақыт өте мұның қасиеттілігін елеуді қоясың. Маған Гжегождың бұрынғы фотосуретін көрсеткен еді, бірақ ол менің жұмысыма ешбір әсер еткен жоқ, ол жоғалтқан бет келбеті енді жоқ нәрсеге айналды.

Ота 27 сағатқа созылды. Ота жасаған кезде мен уақытты сезбеймін. Нақтырақ айтсақ, ол өзгеше жүретіндей болады. Шаршауды да сезінбеймін. Бұл адреналиннің босатылуына байланысты шығар. Әрине, кез келген отада жалықтыратын жұмыс көп: мен мыңдап қайталаған әрекеттерді орындаймын, барлығы механикалық тәртіппен жасалады. Кейбір әрекеттерді отырып жасауға немесе шығып, дем алуға болады, себебі мен ота жасау бөліміндегі жалғыз хирург емеспін. Гжегожбен бірнеше ондаған маман жұмыс жасады, олардың ішінде: тоғыз хирург, төрт анестезиолог, медициналық қызметкерлер. Отаны қаржыландыруды Польшаның Денсаулық сақтау министрлігі өзіне алды. Шілде айының соңында Гжегож ауруханадан шығарылып, отадан кейінгі кезеңде оның жаңа бет жүзі қозғалу қызметтерін және сезімталдықты қайтарды – әдетте бұл жетістіктерге алғашқы тоғыз ай ішінде қол жеткізіледі және біздің жағдай ерекшелік болған жоқ.

Гжегожға бөтен бет жүзі ауыстырып салынғанына қарамастан, нәтижесінде ол қайтыс болған донорға ұқсады деп айтуға болмайды. Пациент донордың бет келбеті мен оның өзінің бет келбетінің арасындағы жаңа бет жүзіне ие болды. Психологтардың ұсыныстары бойынша Гжегож донордың отбасымен ешқашан кездескен емес. Жеке танысу барлығына нашар әсер етуі мүмкін. Гжегождың өмірі қалай өзгергенін оның өзінен сұраған жөн. Оның толық қалпына келгенін ғана айтуға болады. Өз бетін ол бетперде, жеке және бөтен ретінде қарастырмайды. Мен пациенттерімнің тағдырынан шеткері қалмауға тырысамын, олармен байланысты сақтаймын. Үш аптада бір рет Гжегож бақылауға келеді. Ол иммуносупрессивті дәрі-дәрмек қабылдайды және өмірінің соңына дейін қабылдауға тиіс. Бұл жүректі, бауырды немесе қандай да бір басқа ағзаны кез келген ауыстырып салу кезіндегі стандартты тәжірибе. Ең аз болса да, қабылдамау тәуекелі әрқашан болатынын ұмытпау қажет.

Сіз мені тым қатал және қатыгез адам деп санауыңыз мүмкін, бірақ, трансплантологияда қызмет етуімнің кезеңінде ешқашан Франкенштейн дәрігердің дилеммасы жайлы ойланбағаныма, өзімді әр түрлі элементтерден жаңа адам құрайтын алып тәрізді сезінбегеніме сеніңіз. Мен үшін бұл ғылыми фантастика саласынан тәрізді. Пациенттің жеке тұлғасында да мұндай отадан кейін өзгерістер шамалы болады: ол мәңгіге жоғалтқан беті жай ғана басқасымен алмастырылады. Адам болған қалпында қалады. Адамдар өздерінің жараланған бейнесінен гөрі бөтен біреудің бет жүзін жеңілірек қабылдайды. Оның себебін айта алмаймын: жауабын психологиядан іздеу қажет, ал психология менің құзыретімде емес.

2023. Барлық құқықтар қорғалған

© ABC DESIGN-да жасалған - Астанада сайттар жасау және қолдау